Тоғжанов медициналық оңалту шараларына бөлінген 66 млрд теңге қаражатты қайта қарауды тапсырды

Ербол Тұрымбет

Биыл бұл салаға бөлінген қаражат 11 есе артқан

Ералы Тоғжанов, фото: liter.kz

Биыл халықты медициналық оңалту шараларына 66 млрд теңге жұмсалмақ. Вице-премьер Ералы Тоғжанов Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында осы қаражатты қайта қарауды тапсырды.

«Маған берілген деректер бойынша, медициналық оңалтуға 2022 жылы 66 млрд теңге қарастырылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11 есе көп. Бірақ осы жерде басқа сұрақ туындап отыр. Көрсетілетін қызмет санын қарау керек. Ақшасы бойынша 11 есе өсім бар, ал қызмет саны соншалық көп емес», - деді вице-премьер.

Премьер-министрдің орынбасары бөлінген қаражатты тиімділік тұрғысынан қайта қарауды тапсырып, медициналық оңалтуға бөлінген қаражат 11 есе көтерілсе, қызмет көрсетілетін азаматтардың саны ең болмаса 3-5 есе артатын мүмкіндік барын жеткізді.

Одан бөлек, вице-премьер медицинадағы зертханалық қызметтердің бәрін жеке секторға тапсыруды ұсынды.

Тоғжановтың айтуынша, жедел жәрдем қызметінің стандарттары жетілдірілмек. Бағдарлама аясында Үкімет ауылда кемінде 80 нысан салуды жоспарлаған.