×

«Самұрық-Энерго» халықтың қолындағы акцияны үш есе азайтып тастаған

«Бұқтырма ГЭС» жұмыскерлерінің үлесі 3,7%-ғана болып қалды

 Ербол Тұрымбет 10.11.2022 | 16:25
Коллаж: Halyq Uni

Шығысқазақстандық энергетика саласының ардагерлері «Бұқтырма ГЭС» үстінен сотқа шағым түсірген. Айтуларына қарасақ, 1997 жылы жекешелендіру кезінде акционер атанып, 20 жылдан бері дивиденд алып келе жатқан. Алайда «Самұрық-Энерго» АҚ былтыр «Акционерлік қоғамдар» туралы заңды белден басып шешім шығарып, зейнеткер акционерлердің табысын 3 есеге кемітіп тастаған. Осы кәсіпорында 30-40 жыл еңбек етіп, жыл сайынғы дивидендін ем-домына жұмсап отырған ардагер энергетиктердің сотқа жүгінуден басқа амалы қалмапты. 

Әңгіменің өзегіне келсек, «Бұқтырма ГЭС» АҚ 1996 жылдың 19 желтоқсанында «Алтайэнерго» АҚ құрамынан бөлініп шығып, өз бетінше акционерлік қоғам болып құрылады. Акциялардың 90%-ы мемлекетке, 10%-ы кәсіпорынның 8 мың жұмысшысына тиеді. Осылайша кәсіпорын жұмысшылары жекешелендіруге қатысады. Сөйтіп, жалпы саны 5,8 миллион акцияның 10%-ы 8 мың жұмысшыға жалақы көлеміне қарай бөлініп беріледі. 

Осы ГЭС-да электр жөндеушіден бастап директорлыққа дейін көтерілген талай жұмысшы бүгінге дейін алаңсыз акционер болып келген-ді. Алайда 2021 жылдың қараша айында «Самұрық-Энерго» АҚ қосымша 10 млн акция шығарады. Соның салдарынан миноритар акционерлердің қолындағы үлес 10%-дан небәрі 3,7% шамасына дейін түсіп қалады. 

Ардагер энергетик, осы кәсіпорында 1973 жылдан бері жұмыс істеген, бүгінде зейнеткер Серқан Сатаевтың ойынша, «Самұрық-Энерго» бұл шешімін тізеге салып істеп отыр. Өйткені, оның айтуынша, мұндай шешім қабылдаған соң акциялар аукционда ашық және жариялы түрде сатылуы керек. Бірақ «Самұрық-Энерго» АҚ көпке жарияламай, тып-тыныш өткізген. Бүкіл акцияның бір ғана сатып алушыға – өздеріне тигеніне нақты көз жеткізіп отырғанын айтады. 

Яғни, өздері акция шығарып, өздері сатып алған. Оның үстіне, номинал бойынша 100 теңгеден сатып алғанның өзінде миллиард теңге тапты десек, біз де дивиденд алғанда сезінер едік. Бірақ, сол акцияларды тегін алды деген күдік туып тұр. Менде мысалы, 140 акция бар. Соған жылына 70-75 мың теңге алып отыратынмын. Енді 45 мыңға кеміп қалды, дейді ол.

Тағы бір миноритар акционер Александр Викс «Самұрық-Энерго» АҚ-ның соңғы жиынына қатысқанын айтады. Бұл шешімге наразылығын айтқанымен, тыңдаусыз қалған. Есесіне, «Самұрық-Энерго» акция сатып алуға ақшаны қайдан тапқаны тіпті күлкілі.

Ақшаны қайдан алды дейсіз ғой?! Олар «Бұқтырма ГЭС»-нан пайызсыз қарыз алған да сол ақшаға әлгі 10 млн акцияны сатып алған. Яғни, ақшаны бір қалтасынан алып, екінші қалтасына салған. Ал ол қаражат негізі «Бұқтырма ГЭС»-ның табысы ретінде дивиденд төлеуге жұмсалуы керек еді. «Самұрық Энерго» оны өз қажетіне жаратып отыр, тіпті пайызсыз алған, дейді акционер.

Қазір нарықта ең төменгі несие пайызы тұрғын үй саласында, жағдайы нашар, әлеуметтік мұқтаж отбасыларға, оның өзінде 3-4%-бен берілетінін ескерсек, зейнеткер акционерлердің айтуы рас болса, алпауыт компанияның бұл тірлігі шынымен-ақ күлкі шақырады. 

Олардың пікірінше, «Бұқтырма ГЭС»-на тап сол қаржы керек дейтіндей жағдайы мүшкіл емес те еді. Өйткені, жыл сайын қаржылық жағдайы жақсарып келе жатқанын жылда алатын дивиденд көлемінен көріп отқандарын айтады. Сондықтан акция құны да «Самұрық» бағалағанындай 100 теңге емес, 2-2,5 мың теңге шамасында болуы керек деп есептейді. 

«Бұқтырма», «Өскемен», «Үлбі» ГЭС-лары нарыққа шыққан жоқ. Олардың құны кезінде 100 теңгеден тұрса қазір 2,5 мыңға жетті. Бұл мықты табыс көзі. Сондықтан олар («Самұрық-Энерго» АҚ – ред.) зейнеткерлерді қатардан шығарып тастағысы келді. Бары осы, дейді акционерлердің тағы бірі Виктор Недовесов.

Кәсіпорынның өз басына келсек, «Бұқтырма ГЭС»-ның мемлекеттік акциялар пакеті Үкіметтің 2006 жылғы 24 қазандағы № 1020 қаулысына сәйкес «Самұрық» холдингі» АҚ-ның жарғылық капиталына берілген. Ал 2008 жылдың 4 қаңтарында ол акциялар «Самұрық-Энерго» АҚ-на өтті. 

Сайтындағы мәлімет бойынша, «Бұқтырма ГЭС» АҚ-ның жоғарғы органы – акционерлер жиналысы. Ал басқаратын органы – төрт адамнан тұратын директорлар кеңесі. Орындаушы орган – АҚ президенті.

Былтыр қосымша 10 млн акция шығарғанға дейін «Бұқтырма ГЭС» АҚ-ның жарғылық капиталы номиналды құны 100 теңге тұратын 5 818 640 акцияны құраған, оның ішінде:

  • Мемлекеттік пакет – 5 236 780 дана немесе жалпы акциялар санының 90%-ы;
  • Артықшылық акциялары – 581 860 дана немесе жалпы акциялар санының 10%-ы.

Ардагер энергетиктердің мәселесіне Қазақстандық миноритарлық акционерлер қауымдастығы да атсалысып жатыр. Ал шағымды Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Сот отырысы 15 қарашаға белгіленген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама