Сенат бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Құжатты одан әрі жетілдіру үшін түзетулер енгізілуі керек
Сенат депутаттары «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенатор Серікбай Тұрымовтың айтауынша, ең алдымен қазіргі бюджетаралық қолданыстағы әдістемені өңірлердің әлеуметтік-экономикалық параметрлерін нақты теңестіруді қамтамасыз ету үшін одан әрі жетілдіру керек.
«Екіншіден, өңірлерге үлкен қаржылық дербестік беру, бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және өңір басшыларының қаржылық мәселелердегі жауапкершілігін арттыру мақсатында қолданыстағы салық және бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу қажет деп есептейміз. Осы заң жобасын талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан бірнеше ұсыныс келіп түсті. Олар салыстырмалы кестеге енгізілді. Баяндалғанның негізінде Қаржы және бюджет комитеті салыстырмалы кестені қарауды және «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2023-2023 жылдарға арналған жалпы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасына өзгерістер енгізу үшін Мәжіліске жіберуді ұсынады», – деді Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сенаттың жалпы отырысында.
Депутаттар заң жобасына Мәжіліс мақұлдаған баптарды қабылдады. Сенат енгізген түзетулер Мәжіліске жіберілді.