Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасына 7 млн теңгеден беріледі
Жараланғандар да көмексіз қалмайды
«Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына берілетін материалдық көмектің мөлшерін бекітті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қор қаңтарда қаза тапқан және ауыр жараланған әскери қызметшілер, ішкі істер және ҰҚК қызметкерлері, кездейсоқ құрбан болған азаматтар, қаза тапқан және жараланған балалардың отбасына берілетін материалдық көмек мөлшері туралы шешім қабылдады.
«Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры қаңтардағы оқиға кезінде қаза тапқандардың, сондай-ақ жарақат алғандардың отбасына көңіл айтады. ...Ешбір ақшалай төлем ет бауыр жақынның орнын толтыра алмайтынын түсінеміз», - дейді қор.
Оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған әскерилер, полицейлер, ҰҚК қызметкерлері, азаматтық тұлғалардың әрбір отбасына 7 млн теңгеден көмек беріледі. Ал ауыр жарақат алған әскерилер, полицейлер, ҰҚК қызметкерлері, балалардың әрбір отбасына 3 млн теңгеден бөлінеді.
«Бұған қоса, қазір қор қаза тапқан әскери қызметшілер, ішкі істер органдары қызметкерлері, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасына, оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған (қаза тапқан) кәмелетке толмаған балалары бар азаматтық тұлғаларға қосымша қайырымдылық көмек көрсету бойынша жұмыс жүріп жатыр», - делінген мәлімдемеде.
Қор дерегінше, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Республикалық ұлан 21 адамның қаза тапқаны және 94 адамның ауыр жараланғаны туралы ақпарат берді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин 3 қаза тапқан және 4 жараланған бала, сондай-ақ бір көпбалалы ананың қайтыс болғаны жайлы мағлұмат жолдады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльмира Әзімова оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған 29 азамат туралы мәлімет ұсынды. Осы тізімдегі үш адам Бала құқықтары жөніндегі уәкіл тізімінде, екеуі ҰҚК тізімінде қайталанады.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.