Әйел олардың әрқайсысына екі пәтерден алуға кепілдік берген
Алаяқ әйел астаналықтарды мемлекеттік баспана алып беремін деп алдап кеткен. Жәбірленушілер оған 45 миллион теңге беріп қойыпты. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен 33 жастағы әйел ұсталды. Ол Астана қаласының екі тұрғынынан 45 миллион теңгені алаяқтық жолмен иемденіп алған.
Мемлекеттік органның бұрынғы қызметкері болғандықтан және көптеген байланыстарына сілтеме жасай отырып, ол елорда тұрғындарына ақылы түрде мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесуге уәде берген. Күдікті жәбірленушілерден жалпы 45 миллион теңге болатын сыйақыны бөліп алған. Сонымен бірге, әйел олардың әрқайсысына екі пәтерден алуға кепілдік берген, – делінген хабарламада.
Алаяқтық жасағанын мойындаған күдікті қазір ПД уақытша ұстау изоляторында. Оған қатысты Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық») бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ оның елорда аумағында жасалған тағы осындай қылмыстарға қатысы бары анықталды.
Еске сала кетсек, бұл қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.