Мал егуге 176 млн теңге бөлінген
Құрылғанына бес айға жуық уақыт болған Абай облысы әкімі аппараты мемлекеттік сатып алу бойынша қазан айында 10-нан астам сатып алуға тапсырыс берген, деп хабарлайды Halyq Uni.
ЕРЕКШЕ КАЛЬКУЛЯТОРЛАР
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, әкімдік басқармалары кеңсе калькуляторын түрлі бағада сатып алған. Бір калькулятордың бағасы 2179 теңгеден басталып, 5290 теңгеге дейін жалғасады.
Мәселен, Абай облысы әкімінің аппараты «Береке» кәсіпорнымен 2 қараша күні шарт бекіткен. Жоспарланған жалпы құны – 188 086 теңге. 2179 теңгеден 71 дана калькуляторға тапсырыс берілген.
Сол сияқты Абай облысының қоғамдық даму басқармасы да 4 дана калькуляторға тапсырыс берген. Әлеуетті өнім жеткізуші – «Ыбырай» жеке кәсіпкерлігі. Бір калькулятордың құны – 5290 теңге.
Айта кетерлігі, екі шарттың да техникалық сипаттамасы көрсетілмеген. Сондықтан ерекше калькуляторлардың нарықтағы нақты құнын тап басып айту мүмкін емес.
ЖҰҚПАЛЫ МАЛ ІНДЕТІНЕ ҚАРСЫ 176 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН
Ал Абай облысының ветеринария басқармасы өңірлерде қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстап, жою үшін бірнеше миллион теңгелік келісімшарттар бекіткен.
Аягөз ауданында иесіз ит-мысықтарды жою үшін «Аягөз-Вет» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнымен бекітілкен шарт құны – 2 145 700 теңге. Техсипаттамасында қызмет көрсету мерзімі 2022 жылғы қазаy-желтоқсан деп көрсетілген. Осы қызмет үшін «Семей-Вет» мемлекеттік кәсіпорнымен бекітілген шарт құны бұдан 6 есе көп, 12 522 900 теңге.
Ал жануарлардың эпизоотикалық аурулары бойынша мал дәрігерлік қызмет көрсетуге «Жарма-Вет» кәсіпорнымен келісімшарт жасасқан. Құны – 67 605 500 теңге. Дәл осындай келісімшарт «Көкпекті-Вет» кәсіпорнымен де жасалған. Шарт құны – 100 523 300 теңге. Бұл мақсатта «Аягөз-Вет» кәсіпорнымен де құны – 78 387 000 теңге болатын шарт жасалған.
Яғни, жануарлардың эпизоотикалық аурулары бойынша мал дәрігерлік қызметке жалпы құны 175 966 600 теңге бөлініп отыр.
Әзірге Абай облысы бойынша жұқпалы мал індеті туралы ресми мәлімдеме БАҚ-қа хабарланған жоқ.
Нұрлан Ұранхаев басқаратын облыстың әкімшілік орталығы – Семей қаласы. Өңір 8 ауданнан және облыстық бағыныстағы 2 қаладан тұрады.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңа құрылған облыс әкімдігінің басқармалары туралы ақпарат сайтта толықтырылмаған. Басқармалардың бизнес-сәйкестендіру нөмірі де көрсетілмеген.
Бұған дейін Halyq Uni тілшісі Ұлытай облысының мемлекеттік тапсырыстарына қатысты «Төсбелгі, басшыға арналған үстел жабдығы: Ұлытау облысы әкімдігі не сатып алып жатыр?» атты арнайы материал әзірлеген болатын.
Алда Жетісу облысы әкімі аппаратының мемлекеттік сатып алулары туралы шолуын жалғастырады.