Сенат мобильді аударымдарды реттеу туралы заңды қабылдады

Халық үні

Жаңа құжатта мобильді төлемнің не екені нақты көрсетіледі

көрнекі фото: pexels.com

Бүгін Сенат депутаттары «мобильді төлемдер» түсінігін енгізетін заң қабылдады. Бұл құжат кәсіпкерлерді мобильді аударымдар үшін салық төлеуге міндеттейді.

Пандемия кезінде сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері кәсіпкерлік қызметте жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильді аударымдарды барлық жерде пайдалана бастаған. Бұл мәселені заңнамалық реттеу мақсатында: «мобильді төлемдер» түсінігін анықтау, мобильдік төлемдер арқылы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін есеп айырысулар кезінде онлайн-бақылау-касса машиналарын қолдануды заңдастыру, кәсіпкерлерді бизнесті жүргізуге арналған жеке шоттарды пайдалануға міндеттеу, банктерді мемлекеттік кірістер органдарына тиісті мәліметтерді беру ұсынылып отыр.

Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев Сенат қабылдаған заң бойынша салық ставкасы өзгермейтінін, қосымша салық жүктемелері болмайтынын айтты. Тек заңды айналымды көрсету керек.

Бізде есепке уақтылы қойылмағаны үшін төленетін әкімшілік айыппұлдар бар, сондай-ақ есепте айналымды көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бірінші рет ескертіледі, екінші рет айыппұл төлейді.

Біз тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлейміз. Мысалы, жеке тұлға күніне бірнеше рет басқа тұлғалардан ақша алады. Бұл бірнеше күн, айлар бойы жалғасады. Бұл салық органдарының осы жеке тұлғамен жұмысты жалғастыруға назар аударуы қажет екендігінің бір белгісі болмақ, - деп түсіндірді вице-министр.

Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев «мобильді төлемдер» түсінігін енгізетін құжатты бұған дейін Мәжілісте таныстырды. Ведомство өкілі жеке тұлғалар өзара аударым жасағанда одан ешқандай салық ұсталынбайтынын жеткізген.