Halyq Uni логотип
×

Төсбелгі, басшыға арналған үстел жабдығы: Ұлытау облысы әкімдігі не сатып алып жатыр?

Соңғы екі ай ішінде 20-дан астам тапсырыс берілген

 Ая Өміртай 02.11.2022 | 15:59
Төсбелгі, басшыға арналған үстел жабдығы: Ұлытау облысы әкімдігі не сатып алып жатыр?
Коллаж: Halyq Uni

Биыл Президент жарлығымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Осы ретте Halyq Uni тілшісі жарлық күшіне енген 8 маусымнан бастап, бес ай аралығында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жаңа облыс әкімі аппараттарының жүзеге асырып жатқан тапсырыстарын шолып көрді.

Мәселен, Берік Әбдіғалиұлы басқаратын Ұлытау облысы әкімінің аппараты соңғы екі ай ішінде 20-дан астам сатып алулар жасаған.

ТӨСБЕЛГІЛЕРГЕ ТАПСЫРЫС

Мереке қарсаңында Ұлытау облысы әкімінің аппараты төсбелгі мен куәлік жасау мақсатында Nagrady.kz кәсіпорнымен 21 қазан күні келісімшарт бекіткен.

Техникалық сипаттамасында  «Ұлытау облысының құрметті азаматы» төсбелгісінен бес дана жасауға тапсырыс берілген. Төсбелгілердің құны – 218 750 теңге. Сондай-ақ, «Құрметті азаматтар кітабына» қосымша беті бар «Құрметті азамат куәлігін» дайындау керектігі де қоса көрсетіліпті.

Одан бөлек 100 дана мақтау қағазын жеткізуге әлеуетті өнім беруші ретінде «Rizyq» ЖШС таңдалған. Келісімшарттың жалпы жоспарланған сомасы – 178 571 теңге.

Аймаққа мүсін өнерімен әйгілі болған Берік Әбдіғалиұлының төсбелгі үлестіру бастамасы жалғасатыны анық. Бұл – басы ғана деп білеміз.

БАСШЫҒА АРНАЛҒАН ҮСТЕЛ ЖИНАҒЫ

Одан бөлек әкім аппараты қайшы, үлкен скотч, файлдары бар папка, қарындаш сынды уақ-түйек кеңсе тауарларына тапсырыс берген. 21 қазан күні «М.Е.Б.-Холдинг» Муханов Е.Б. кәсіпорнымен келісімшарт құрған.

Сипаттамасында папка, басшыға арналған үстел жинағы, қапсырма, қайшы, үлкен скотч, файлдары бар папка, қарындаш қажет екендігі көрсетілген.

Басшыға арналған үстел жинағының құны – 34 420 теңге. Осылайша басшылардың қабылдауына кіргенде алдымен көзге түсетін қоңырқай үстел жабдығының құнын біле жүретін болдық.

Одан бөлек 120 дана папка, 40 степлер, 40 қайшы, 40 скотч, 80 қарындашқа тапсырыс берілген. Келісімшарт құны – 158 923 теңге.

ЕҢ ҮЛКЕН ТАПСЫРЫС ҚҰНЫ – 524 МЛН ТЕҢГЕ

Әкім аппаратының екі айда жасаған ең үлкен тапсырысы – Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында бұлтты сервис қызметтері, яғни бейнебақылау орнату қызметі. Шарттың жоспарланған жалпы сомасы – 523 786 162 теңге.

Сатып алудың техникалық сипаттамасында қауіпсіздік мақсатында орнатылған бейнебақылау жүйесі арқылы қылмыс деңгейі жоғары аудандарда қарсы іс-қимыл шараларын құруға негізделіп отырғанын атаған.

«Қосымша мақсат – технологиялық құралдарды пайдалана отырып, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды ашу жөніндегі деректерді іздеу және талдау үшін нақты уақыт режимінде мониторинг шараларын арттыру», – деп көрсетілген шарт сипаттамасында.

Тағы бір айта кетерлігі, жаңа құрылған облыс әкімдігінің басқармалары туралы ақпарат сайтта толықтырылмаған. Басқармалардың бизнес-сәйкестендіру нөмірі де көрсетілмеген.

Алдағы уақытта Halyq Uni тілшісі Абай, Жетісу облыстары әкімі аппаратының мемлекеттік сатып алулары туралы шолуын жалғастырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама