«Әлеуметтік масылдық қалыптасады». Несиесін төлей алмағандардың мәселесі талқыланды
1 миллионнан аса азамат несие өтеу мерзімін бұзған
Қазақстанда 1,5-2 миллиондай адам банкрот болуы мүмкін. Өйткені қарызын төлей алмай отырған жеке азаматтардың саны осыған таяу деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Қазақстанда еңбекке жарамды халық саны 9 миллионды құрайды. Оның 6 млн 200 мыңы екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеген. Несие бюросы бүгінде 1 миллионнан аса азаматтың несие өтеу мерзімін бұзғанын растап отыр. Оған негізінен жұмыстан шығып не жұмысқа жарамсыз болып қалу жайттары себеп. Әлеуметтанушылардың пікірінше, бүгінде азаматтардың басым бөлігінің қаржылық жағдайы нашарлаған.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы мәселе 2014 жылдан бері көтеріліп келеді. 2015 жылы Парламент әзірлеген арнаулы заң біраз талқыға түскен. 2016 жылы Үкіметтің сүзгісінен өтпей, аяқсыз қалды. Ал бұл жолы президенттің пәрменімен Қаржы министрлігі халықаралық тәжірибені ескеріп, заң жобасын қайта әзірлеген. Құрылған жұмыс тобы қыркүйек айынан бастап заң жобасын белсенді түрде талқылап келеді. Дегенмен несиесін төлей алмағанның барлығына рақымшылық қолданылмайды.
Қазір жоба Мәжіліс қарауына жіберілген. Банкрот деп тануға 6 ай мерзім жеткілікті. Борышкер санатындағы, несиесін 5 жыл төлемеген азаматтар, әрине, бірінші кезекте осы тізімге бір өтінішпен қосыла алады. Жеке тұлғаның басқа да бейресми кірісі болуы мүмкін. Ол бойынша сот орындаушылар жұмыс істегенін ескеру керек. Үйлестірушілер берген 1,5 млн адамның 90 күн ішінде төлем жасамауы әлемдік тәжірибеде «қалыпты» дүние. Меніңше, 100 мың адам ғана бұл мүмкіндікті пайдалана алады деген болжам бар, - дейді Мәжіліс депутаты Юрий Ли.
Ал экономистер қазіргідей экономикалық тұрақсыздық тұсында азаматтардың жаппай қаржылық сауаттылығын арттыру қажет деп есептейді. Сонда несиені ақылмен алар еді деген пікірде. Қаржылық ұйымдар несие беру талаптарын қатаңдатса, қоғамдағы әлеуметтік масылдықтың алдын алатынына сенімді.
Несиелік рақымшылық, несиені толыққанды жойып беру сияқты бір жолғы акциялардың қайталана беруі дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені осы бір акцияларды тағы да қайталай беретін болсақ, бірінші кезекте әлеуметтік масылдықтың қалыптасуына жол береміз. Екіншіден, бұл тағы да келеңсіз жағдайлардың қайталануына мүмкіндік береді, - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Ал бұқара әлеуметтік осал топтағы азаматтардың несиесі кешірілуі керек деп есептейді.
Жалпы өзін-өзі банкрот деп тану қарыз жүктемесінен құтылуға және қайта белсенді экономикалық қызметін жүргізуді бастауға мүмкіндік береді. Алайда банкрот деп танылған азаматтардың берешектері шегерілгенмен бірқатар шектеулер қолданылады. Оларға 5 жыл бойы несие алуға тыйым салынады. Шетелге шыға алмайды. Жеке азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттықты қайта қолдана алады.