Павлодарда спорт мектебінен қаржы жымқырған бухгалтер сотталды
Есепші 8,3 млн теңгені қалтасына басқан
Павлодарда спорт мектебінің бухгалтері сотталды. Бұл туралы жергілікті Pavlodarnews.kz хабарлады.
Павлодар облыстық Туризмді және спортты дамыту басқармасына қарасты «Батыр» балалар-жасөспірімдер спорт мектебі есепшісінің бюджет қаражатын жымқырып келгені анықталған. Ол 8,3 млн теңге көліміндегі ақшаны ұрлаған.
Тергеу барысында айыпталушы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2020 жылдың 11 қарашасына дейінгі аралықта білім беру және ақылы қызметтерді көрсетуден, оның ішінде спорттық жабдықтарды, объектілерді жалға алудан, пайдаланудан, конькилерді, шаңғыларды, роликті конькилерді, жүзу бассейндерін жалға беруден түскен ақшаны алып отырған. Алайда кассалық кіріс чегін бермеген, – делінген Экономикалық тергеу департаментінің хабарламасында.
Павлодар қаласының №2 соты есепшіні 3 жылға бас бостандығынан айырды.