Осы мақсатқа 87,1 млрд теңге бөлінді
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, 78 мың отбасындағы 399,9 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 87,1 млрд теңге бөлінді.
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүріп жатыр.
«2022 жылғы 1 ақпанда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 100,1 мың балаға азық-түлік әрі тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды», – дейді ведомство.
Атап өтсек, биылғы қаңтарда ТЖ режимінің қолданылуына байланысты 2021 жылғы 4 тоқсанда АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылғы I тоқсанға автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте, жаңа алушылар үшін Электрондық үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі болды.
«Қазір қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады», – делінген ақпаратта.