«Яндекс.Такси» компаниясына айыппұл салынды

Айнұр Шошаева

Қаңтардағы төтенше жағдай кезінде бұл такси қызметі бағаны негізсіз қымбаттатқан еді

коллаж: Halyq Uni

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс.Такси» компаниясына әкімшілік айыппұл салды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанда қаңтарда енгізілген төтенше жағдай кезінде «Яндекс.Таксидің» бағаны негізсіз көтергені анықталды. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасы Серік Жұмағариннің мәліметінше, агенттік «Яндекстен» ақпарат сұратқан. 

«Яндекс.Такси» бізге бірнеше рет мағлұмат беруден бас тартты. Біз сол үшін оларға әкімшілік айыппұл салдық. Менің білуімше, қазір мәселе сот құзыретінде қаралып жатыр. Алайда компания өкілдері хабарласып, қазір бізбен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізді», - деді Жұмағарин Сенат қабырғасында.  

Сонымен қатар ол қаңтар оқиғасы кезіндегі компания жұмысына қатысты пікір білдірді.

«Мұндай цифрлық платформалар қажет. Бұл – болашақ технологиясы. Қазір жаңа технологиялық революция жүріп жатыр. Дегенмен олардың жұмысы қоғамды дүрліктірмеуі тиіс. Қаңтарда болған оқиғалар компанияның бұған дайын емес екенін көрсетті. Келіссөздерден кейін бағаның төмендеуін күтуге бола ма, жоқ па? Қазір ол туралы айтуға ерте. Біз үшін бірінші кезекте «адамдар үшін бағаның өсуі жоғары болды ма?» деген сұраққа жауап беру. Ел қиын жағдайға тап болды әрі компания оны пайдаланды. Оның динамикалық баға жүйесі, алгоритмі осылай жұмыс істеді. Біздің міндетіміз осындай нәрселерді шектеу» - деді агенттік төрағасы.

Бұған дейін «Яндекс.Такси» қызметіне қатысты төтенше жағдай кезінде бағаны негізсіз өсірді деген айыппен тергеу басталған болатын.