Halyq Uni логотип
×

Шымкентте ArtSport бағдарламасынан мемлекетке 56 млн теңге залал келген

25 миллион теңгесі мемлекет бюджетіне қайтарылып жатыр

 Ая Өміртай 27.10.2022 | 16:31
Шымкентте ArtSport бағдарламасынан мемлекетке 56 млн теңге залал келген
Фото: Әділдік жолы РҚБ

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүргізген мониторинг барысында бірқатар заң бұзушылықты анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қоғамдық бірлестіктің Шымкент қаласындағы филиалы биыл наурызда республика бойынша ең алғашқы болып мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру барысындағы қызмет көрсетушілердің қызметіне, мемлекеттен бөлінген қаражатты игеру барысына мониторинг жүргізген.

Мониторинг ұйымдастырушылары 2022 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында тіркелген балалар тізімі ішінен кездейсоқ бірнешеуінің ата-анасына хабарласты. 1 704 кездейсоқ таңдалған ата-анаға қоңырау шалынып, оның 600-ге жуығымен әлеуметтік сауалнама жүргізілген. 

«ASAA» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүргізген мониторинг барысында көптеген заң бұзушылық анықталды.

Сауалнама барысында  547 заң бұзушылық анықталған, бұл кездейсоқ таңдалған ата-аналар санының 32 пайызы. Оның ішінде 113, яғни әр үшінші ата-ана балаларын ешқандай үйірмеге тіркемегенін, баласы үйірмеге бармайтынын хабарлады.

Аталған деректің барлығы жіті тексерілу үшін экономикалық тергеу, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолданды. 

«Қазір Шымкент қаласы ішкі мемлекеттік аудит департаментінен ресми жауап алынып, мониторинг барысында анықталған фактілер расталып жатыр. Атап айтқанда, қызмет көрсетуші 8 кәсіпкердің кінәсі дәлелденіп, нәтижесінде мемлекетке келтірілген 56 000 000 теңге залал анықталды. Оның 30 миллионы рәсімдік бұзушылық болса, 25 миллион теңгесі мемлекет бюджетіне қайтарылып жатыр», - деп түсіндірді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі.

Қазір уәкілетті органдар тарапынан басқа да кәсіпкерлердің қызметі тексеріліп жатыр.

Шымкент қаласында мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруы 2021 жылдың шілдесінен бастап қолға алынған. Уәкілетті орган тарапынан берілген ақпарат бойынша қазір қала бойынша порталға 35 837 бала (ваучер) тіркелген,  осы балаларға 159 жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қызмет көрсетеді. Ал қала бойынша жалпы саны 584 үйірме бар. Мемлекеттен қаржыландырылатын бұл тегін үйірмелер 4-17 жас аралығындағы балаларға арналған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама