Отставкадағы полковник қорғаныс саласындағы жемқорлық жайында сөз қозғады
«2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң бойынша жалпы қорғаныс саласына биыл 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Оның ішінде 494 млрд теңгесі таза Қорғаныс министрлігіне тиесілі. Оның ішінде, қосымша 17 млрд теңге Қорғаныс министрлігінің әскери білім беретін мекемелеріне, тағы 8 млрд теңге қосымша Қорғаныс минстірлігінің денсаулық сақтайтын салаларына арналған.
Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, қаражаттың мұнша көп бөлінуі Қарулы күштердегі жемқорлықты күшейтуі әбден мүмкін.
«Жалпы, Қорғаныс министрлігінде жемқорлықпен күресетін арнаулы жауапты, лауазымы жоғары қызметкер тағайындалады. Соған қарамастан бұл қаражат Қарулы күштердің өзін тиісті деңгейде күшейтпейді. Жемқорлық фактілері қайталанса, елдің Қарулы күштерге деген сенімі одан сайын азайып, әскеріміздің беделі төмендеп кетпек.
Мен Қорғаныс министрлігінде қызмет істеп жүргенде министрліктің бюджет бойынша комиссиясының бастығы Қозыкөрпеш Есімұлы (Жаңбыршин – ред.) болатын. Мен сол кісінің орынбасары, яғни, жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары болдым. Сол кездегі құпия құжаттар, Қарулы күштердің бекітілген болашақ жобалары менің қолымда болатын. Әскери салалардың басшылары қаражат сұрап келгенде ол кісі менен қарастырылған жобалар туралы мәлімет алып, ақылдасып отыратын.
2006 жылдың аяғында, мен әскерден запасқа кетуге бұйрық шығып, бір ай шамасы қалғанда мен Қозыкөрпеш Есімұлымен бірге Үкімет басшысына соңғы рет бардық. Сол кезде Қарулы күштердің 2007 жылға қарастырылған қаражаты 81 млрд теңге болатын. Сол Қорғаныс министрлігіне бөлінген қаражатты реттеп қажетіне жеткізетін», - дейді әскери сарапшы.
Оның айтуынша, министрліктегі жалпы қаражат қамтамасыз ету бюджеті және даму бюджеті деп бөлінетін. Қамтамасыз ету бюджетіне қыметкерлердің жалақысы, жанармайы, күнделікті тіршілігі сынды шаруашылықтар кіреді.
Ал даму бюджеті ол кезде өте аз, шамамен 10-15 млрд теңге еді. Оған біз тікұшақ, артиллерия сияқты қару-жарақ алдыратынбыз. Қазір министрліктің бюджеті 494 млрд теңге, біздің кездегіден 6 еседен көп. Сонда да жетпей жатыр. Дүние соншама қымбаттап кеткен жоқ шығар. Былай қарап отырсаңыз, жылда 2-3 генерал мен жоғары лауазымды офицер қамалады. Сол дәстүр болып кетті. Ел арасында сенім азайды, әскердің беделі төмендеп бара жатыр, - дейді отставкадағы полковник.