×

Банкрот деп танылған қазақстандықтардың қаржылық жағдайы тексеріледі

Банкроттықты рәсімдеу кезінде кепілде тұрған жалғыз баспананы сот арқылы алып қою көзделуде

 Айнұр Шошаева 23.02.2022 | 17:59
коллаж: Halyq Uni

Елімізде «Азаматтардың банкроттығы туралы» заң жобасында банкроттықты рәсімдеу кезінде кепілде тұрған жалғыз баспананы сот арқылы алып қою көзделіп отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Кепілде тұрған жалғыз баспана сот арқылы банкроттық рәсімдеу кезінде алып қойылады. Сот процедурасы жүргізілуі үшін белгіленетін шекті мөлшер 1600 АЕК деңгейінде болады. Сондай-ақ бірнеше шектеу бар. Атап айтқанда, 5 жыл несие алуға тыйым салу, 3 жыл шетелге шығуға тыйым салу. Ал банкроттықты қайталап рәсімдеу арада 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады, - деді Миятов заң жобасын талқылау кезінде.

Бұған дейін заң жобасында банкрот деп танылған азаматтарға 3 жылға шетелге шығуға тыйым салынатыны айтылды. Банкрот деп танылған азаматтар елден тек емделу, жақын туыстарын емделуге ертіп жүру немесе жерлеуге бару кезінде ғана шыға алады деп көзделген болатын.

«Жұмыс тобының бұған дейінгі отырыстарында өте көп ұсыныс ортаға салынды. Ол ұсыныстар бойынша келесі шешімге тоқтадық. Біріншісі шетелге шығуға рұқсат беретін негіздемені кеңейту туралы ұсыныстар болды. Негіздеме қатарына оқу және еңбек ету себептері қосылды», - деді мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары. 

Бұған қоса ол заң жобасында банкрот деп танылған азаматтардың жағдайына мониторинг жүргізу көзделіп отырғанын айтты. 

«Банкротқа ұшыраған жағдайда борышкерді несие берушіге алдын ала хабарлауға міндеттеу ұсынылған еді. Бұл ұсынысты қолдадық. Сондай-ақ банкроттық кезінде алаяқтыққа барғаны үшін қолданылатын жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныс айтылды. Уәкілетті орган 3 жыл бойы банкроттығы рәсімделген жеке тұлғаның қаржылық жағдайына салық декларациясы негізінде мониторинг жүргізеді», - деді спикер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама