×

Алматы әкімі Тоқаевқа қаланы қалпына келтіру жұмыстары жайлы есеп берді

Зардап шеккен кәсіпкерлер шығынын өтеу туралы да баяндады

 Халық үні 23.02.2022 | 12:59
фото: ашық дереккөзден

Президент Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының дамуы мен биылғы қаңтар айындағы қысқамерзімді экономикалық индикатордың өзгергені туралы есеп берілді.

Мемлекет басшысына қаланы қалпына келтіру жұмыстары әрі зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу шаралары туралы баяндалды. Ерболат Досаевтың айтуынша, Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында бизнеске жедел көмек көрсету үшін жеңілдетілген тетік бойынша төлем сомасы 10 миллион теңгеге дейін ұлғайтылған. Ал өтінімдерді қарау мерзімі екі есе – 1 айдан 2 аптаға дейін қысқартылған. Қала әкімі қазір тіркелген 1413 кәсіпкердің 755-і өтемақы алғанын, 10-шы наурызға дейін шағын және орта бизнес субъектілері өтінімдерінің 90 пайызы орындалатынын айтты, – дейді Ақорда.

Президентке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау тиімділігін арттыру шаралары туралы айтылды.

«Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалалық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мен мектептерде орын тапшылығын азайту мәселелері жөнінде мәлімет берілді», – делінген ақпаратта.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы қаланы қалпына келтіру әрі бизнес субъектілеріне келген залалды өтеу жұмыстарын жандандыруды, инженерлік желілерді жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді азайту үшін баспана қорын қайта жөндеуге ерекше назар аударуды тапсырды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама