Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 27 млрд теңге жәрдемақы алды

Қымбат Елтайқызы

Орта есеппен 487,6 мың отбасы қамтылды

фото: Halyq Uni

2022 жылғы қаңтарда көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 27 млрд теңгеге орта есеппен 487,6 мың отбасы қамтылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Төлем мөлшері балалар санына байланысты сараланып төленеді және 2022 жылы 4 балаға – 49 100 теңгені, 5 балаға – 61 383 теңгені, 6 балаға – 73 666 теңгені, 7 балаға – 85 948 теңгені, 8 балаға – 98 016 теңгені, 9 балаға – 110 268 теңгені, 10 балаға – 122 520 теңгені, 11 балаға – 134 772 теңгені, 12 балаға – 147 024 теңгені, 13 балаға – 159 276 теңгені, 14 балаға – 171 528 теңгені, 15 балаға – 183 780 теңгені, 16 балаға – 196 032 теңгені немесе әр балаға 12 252 теңгені құрайды.

Көпбалалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты шеңберінде енгізілген.