Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 27 млрд теңге жәрдемақы алды
Орта есеппен 487,6 мың отбасы қамтылды
2022 жылғы қаңтарда көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 27 млрд теңгеге орта есеппен 487,6 мың отбасы қамтылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Төлем мөлшері балалар санына байланысты сараланып төленеді және 2022 жылы 4 балаға – 49 100 теңгені, 5 балаға – 61 383 теңгені, 6 балаға – 73 666 теңгені, 7 балаға – 85 948 теңгені, 8 балаға – 98 016 теңгені, 9 балаға – 110 268 теңгені, 10 балаға – 122 520 теңгені, 11 балаға – 134 772 теңгені, 12 балаға – 147 024 теңгені, 13 балаға – 159 276 теңгені, 14 балаға – 171 528 теңгені, 15 балаға – 183 780 теңгені, 16 балаға – 196 032 теңгені немесе әр балаға 12 252 теңгені құрайды.
Көпбалалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты шеңберінде енгізілген.