Жауап алу кезінде 37 жастағы банк қызметкері өз кінәсін мойындады
Өскеменде банк қызметкері танысының 11,5 миллион теңгесін заңсыз иемденіп кетті. Жәбірленуші ол ақшаны танысына үй сатып алу үшін берген деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полицияға 35 жастағы қала тұрғыны арызданған. Айтуынша, биыл көктемде банкте істейтін танысы оған 50/50 бағдарламасы бойынша пәтер сатып алуға өз көмегін ұсынған. Жәбірленуші бұл ұсынысқа келісіп, танысына 11 650 000 теңге берген. Алайда банк қызметкері уәдесін орындамаған, ақшаны да қайтармаған. Алаяққа алданып қалғанын түсінген тұрғын полицияға жүгінуге мәжбүр болыпты.
Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Жауап алу кезінде 37 жастағы банк қызметкері өз кінәсін мойындады. Енді осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе түрмеге қамалуы мүмкін.