Министр «7-20-25» орнына балама бағдарлама қарастырылып жатқанын айтты
Аталмыш бағдарлама 2018 жылдың шілдесінен бастап жұмыс істеп келеді
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «7-20-25» орнына балама ипотекалық бағдарлама қарастырылып жатқанын айтты.
7-20-25» бағдарламасы кезең-кезеңімен орындалып, аяқталуға жақын. Сондықтан біз оған балама ретінде басқа бағдарлама ұсынуымыз қажет. Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Жақын арада ұсынатын шығармыз. Ең бастысы, мүмкіндігінше бастапқы жарна мен төлем мөлшері 7 пайыздан аспағаны дұрыс, - деп жауап берді ол.
Еске салайық, Ұлттық банктің қаулысымен «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылғы 31 мамырда бекітілген еді. Алайда нақты кредит беру сол жылдың екінші жартысында басталды. Алғашқы ипотека шілдеде берілді.
Биыл 28 шілдедегі мәлімет бойынша, Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында 630 млрд теңгеге 48 906 қарыз берілген.
Бағдарлама шарттары:
«7-20-25» бағдарламасы арқылы тек жаңа баспананы сатып алуға болады.
- Жылдық номиналды сыйақы жарнасы – 7%,
- Бастапқы жарна – баспана құнының 20%-ы,
- Шекті мерзім – 20 жыл.
Банктер ипотеканы тек теңгемен береді. Бұл ретте сатып алынатын баспананың шектік бағасы әр өңірде әр түрлі:
- Астана, Алматы, Ақтау, Атырау – 25 млн теңгеге дейін,
- Өзге өңірлерде – 15 млн теңгеге дейін.
Сатып алынатын баспананың өзі кепілге қойылады. Пәтерді немесе оны алатын адамды сақтандыру міндетті емес. Сақтандыруды банктерге жасауға мүмкіндік берілген, алайда өз қаржысы есебінен. Заемды рәсімдеп бергенде қарыз алушылардан комиссия алынбайды.