Омбудсмен әкімдіктер мен министрліктердің бірлесіп жұмыс істемейтініне налыды
Президент жаңажылдық құттықтауында 2022 жылды Қазақстанда балалар жылы деп жариялады.
Мектеп оқушылары арасындағы буллинг, жасөспірімдер арасындағы суицид, зорлау, балалардың құқығы, денсаулығы сияқты мәселелер Қазақстанда өте көп. Қазір 2022 жылдың екінші айы ортасынан ауып барады, ал Білім және ғылым министрлігі балалар жылына қатысты әлі жоспар құрмаған. Осы және басқа мәселелер бойынша Halyq Uni тілшісі Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен сұқбат құрды.
- Балалар жылына қатысты нақты қандай жоспар құрылғаны жөнінде Мәдениет және спорт министрлігінен ғана жауап алдық. Оның өзінде балаларды кітап оқуға талпындыру, ән байқауы сынды науқандық шаралар. Неге балалардың құқығы, мүгедек балалардың денсаулығы, әлеуметтік қамсыздандыру сынды өзекті мәселелер қалыс қала береді?
- Балалар құқығы жөніндегі уәкіл болып тағайындалмас бұрын - 2006 жылдан бері «Милосердие» қорының директорымын. Сондықтан балалар құқығының бұзылуына әкелетін жүйелі кемшіліктің бәрімен жақсы таныспыз. Оған қоса, бізге құқық қорғау мәселесімен де айналысуға тура келді. Ата-аналар балаларға қатысты зорлау жағдайына байланысты да шағымданады. Үлкен шу болған Абай аулындағы балаға да көмектестік. Одан бөлек, балалар үйіндегі, интернаттағы балалар бар. Оларға қатысты жеке бағытымыз қалыптасып, заң аясында көмек көрсете бастадық.
Аружан Саин Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалғанда Мемлекет басшысына нақты жеті ұсыныс айтқанын жеткізді.
- 2019 жылы омбудсмен лауазымына тағайындалғанда Қасым-Жомарт Кемелұлына нақты 7 ұсыныс айттым. Онда азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдар, мүгедек балалардың ата-анасының өтініштері бар еді. Осы қызметке тағайындалғаннан бастап біздің билік орындарына ықпалымыз күшейді.
Алайда бәрі ойлағандай бола бермейді. Көп мәселе жергілікті атқарушы органдарына байланысты. Олардың да күні заңдар мен нормативті актілерге қарап қалған. Кей жағдайда сол құжаттар балаларға көмек көрсетуге мүмкіндік бермейді. Одан бөлек, тапсырманы орындау тәртібі де ақсап тұр. Сол атқарушы органдар тапсырманы немесе заң нормасын ысырып қоя салады. Сондай-ақ жемқорлық мәселесі де үлкен қауіп туғызады. Бөлінген ақша балаларға жетпей, жолдан жырып әкетеді.
Сондықтан біз бірнеше бағытта жұмыс істей бастадық. Сонау «Милосердие» қорының басшысы болып тұрған кезде балалардың мүгедектікке тап болу мәселесін көтергенбіз. Сол жұмысымызды жалғастырып келеміз. Ондағы мақсат - баланың есту, көру қабілеті немесе жүйке жүйесіне қатысты қиындықтарын ерте бастан анықтап, дер шағында көмек көрсету еді. Сол кезде бала мүгедек болып қалмайды. Бірақ осы іске келгенде біздегі жүйе қателікке ұрынды.
Осы мәселені мамандармен бірге көтергенімізде сол уақыттағы министр Елжан Біртанов Әлеуметтік медицина департаментін құрды. Олар осы жағдайды түгел зерттеп, біз де соған лайық жоспар құрдық. Алайда министр қызметінен кеткен соң департамент те жойылды. Одан соң біз құрастырған жоспардың жүзеге асуы да баяулап, шабандап қалды.
Омбудсменнің айтуынша, Қазақстанда офтальмологиялық лазерлік қондырғылар мекемелердің тек 15%-ында ғана бар екен.
- Қарапайым мысал келтірейін. Біздің елде зағиптық эпидемия белең алған. Бір балада өсе келе пайда болса, басқалары ерте зағип болады. Және бір мысал, балалар ретинопатиясы. Шала туған баланың салмағы аз болады әрі көбінің көру қабілеті жетілмейді. Егер балаға туған бойда скрининг жасалса, осы кемшіліктерді анықтап, лазерлік ота жасалса, баланың көзі ашылар еді. Алайда, біздің перинеталды орталықтарда не офтальмоскоп, не офтальмологиялық лазерлік қондырғылар жоқ. Кадр да жетіспейді. Біздегі осындай мекемелердің тек 15%-ында ғана қондырғы бар. Сол 15%-дың өзінде бәрінде бірдей офтальмолог жоқ. Амалсыздан балаларды ота жасату үшін Ресейге жіберіп жүрміз.
Баланың есту қабілетін анықтайтын да қондырғы бар. Ол да медицина мекемелерінің 30%-ында ғана орнатылған. Мұнда да сол жағдай, сурдологтар мекеменің бәрінде бірдей болмайды. Аппарат пен маман болса, жаңа туған баланың естімейтінін үш айға дейін анықтауға болар еді. Сосын 6-8 ай аралығында емделеді.
Ал анықтау үшін нейрофизиологиялық, нейропсихикалық скринингтер жасалуы керек. Одан соң бейімдеу шаралары түк қиын емес. Көбіне сол массаж, жеңіл денешынықтыру, дәрі-дәрмек пен физиотерапиялар жүргізілуі мүмкін. Бұл шақта баланың миы енді қалыптасып келе жатады. Бір қызығы, мұндай шақта баланың миында бір бөлігі жұмыс істемей қалса, сол қызметті автоматты түрде басқа бөлігі алып кетеді екен. Демек көп нәрестенің денсаулығының түзеліп кетуіне жағдай жасауға болады. Мидың жұмысы қалыптасып жатқанда тілі де шығуы керек. Ал бала естімесе, сөйлей де алмайды. Содан бала мүгедек болып өседі.
Сол сияқты, сал ауруы, аутизм болсын, қай-қайсында да бала уақытында скринингтен өтсе, науқасы кішкентайында-ақ анықталып, сол кезден бастап бейімделіп, әлдеқайда түзеліп қалар еді.
- Сіз айтып отырған мәселелер министрліктердің биылға құрған жоспарына енгізілді ме? Олармен қаншалық етене байланыстасыздар?
- Біз денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау министрліктерімен көп кездестік. Сөз жүзінде жұмыс жүріп жатқан сияқты. Бірақ нәтиже көрінбейді. Нақтырақ айтсам, 2019 жылдан бері бүкіл әкімдіктерге медицина мекемелеріне скрининг жүргізуге қажет қондырғы алу керектігін айтып, хат жолдап келдім. Бірақ орындалмады. Кей жерлерде ғана мамандар оқытылған, оның өзі де түбегейлі шешілмеген.
Мәселе қайдан шығып отыр? Қазір әкімдіктер министрліктерге қарамайды. Соның кесірінен министрліктер жергілікті басқармаларға сөзін өткізе алмайды. Биліктің бәрі әкімдіктерге берілгендіктен, бүкіл шаруа әкімнің қолына қарап қалған. Сайып келгенде, балалар құқығы болсын, немесе өздері жасаған нормативті-құқықтық актілер мен заңдар болсын, мемлекет басшысының тапсырмалары да орындалмай қалып жатыр. Мұны шешудің жолы – кадрлық ауыс-түйіс керек. Сөйтіп, әр министр мен әкімге жол картасының әр тармағына жеке басымен жауап беретіндей жауапкершілік арту керек. Әйтпесе, олардан мәлімет алу қиын.
Әлеуметтік қорғау жүйесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс деген бар. Әкімдіктер мүмкіндігі шектеулі бала бейімдеуден өту үшін бейімдеу орталықтарына ақша бөледі. Сөйтіп, сол жерде балаға әлеуметтік пакетке кіретін көмек көрсетіледі. Ендігі қызығы, сол әлеуметтік тапсырысты әр өңірде әкімдіктер өз бетінше белгілейді. Яғни, елордада қателеспесем 4500 теңге болса, Қызылорда облысында 1200, тағы бір өңірде 800 теңге болуы мүмкін. Бұл ақшаға балаға реабилитация жасау мүмкін емес қой?! Идея жақсы болғанымен, орындалуы сиырқұйымшақтанып кетеді. Көмек көрсететін орталықтардың да кейбірінің жағдайы нашар болады. Оның үстіне, әр баланың мұқтаждығы жеке қарастырылмайды. Бір бала күніге, тағы бірі айына бір рет, басқалары жылына бір рет бейімдеу орталығына баруы мүмкін. Ал бізде бәріне ортақ стандарт бекітілген. Оның қаншалықты тиімді болып жатқанына ешкім қарамайды. Қорыта келгенде, «көмек көрсетіліп жатады», бірақ нәтиже жоқ. Бұл әлгінде айтылған скрининг мәселесімен қабысып жатыр.
Мәселен, жаңа туған балаға көмек көрсету қызметі мен поликлиникалар керекті қондырғылармен жеткілікті деңгейде қамтылмаған. Сондықтан нәрестелерді скринингтен өткізу үлкен мәселе. Біз соған қатысты скринингтен өткен және өтпеген балалардың нақты тізімін беруді сұрадық. Сөйтсек, осы қарапайым мәліметтің өзін ала алмайды екенбіз. Ол скринингтердің ақысын төлейтін МӘМС өкілдері де мәлімет бере алмайтынын айтты. Сонда дүниеге келген балалардың басым көпшілігіне көмек көрсетілмейді, бірақ ақша төленіп жатыр. Ендеше сол ақша қайда кетіп жатыр? Сондықтан біз балалар скринингін бөлек тариф қылып шығаруды талап етіп отырмыз.
- Тұрмысы нашар отбасыларын қолдауға бағытталған бірнеше шара бар. Соған қарамастан елімізде миллионға жуық бала кедейлікте өмір сүріп жатыр. Жағдайды өзгерту үшін не істеу керек?
- Балалардан инвестицияны аямау керек. Бірақ бүкіл балаға жағдай теңдей жасалуы тиіс. Оған да ұсыныс айтып, мәдениет және спорт туралы заңды түзете отырып, бүкіл баланың әлеуметтік жағдайына, ата-анасының табысына, көпбалалылығына қарамастан бюджет есебінен міндетті түрде екі үйірмеге қатыстыруға жағдай туғыздық. Қазір елімізде шамамен жарты миллионнан астам бала жергілікті басқармалар есебінен үйірмелерге қатысып жатыр. Бірақ бұл аз. 4,5 млн баланы түгел қамтуымыз керек. Бұл - бірінші қадам.
Екіншісі, мемлекет бүкіл балаға мектепте тегін ыстық тамақ ұйымдастыру керек. Өйткені, дәмді, құнарлы тағам бала денсаулығының басты кепілі. Сол арқылы біз дені сау, ақылды ұрпақ тәрбиелейміз.
Тағы бір ұсынысым бар - бюджет есебінен мектеп формасымен қамтамасыз ету. Елімізде сапалы маталар шығарылады, тігін шеберханалары да бар. Мемлекеттік тапсырыс арқылы солардың тіршілігін жандандыруға да болар еді.
- Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу изоляторларына кәмелетке толмаған балалардың да қамалғанын біліп жатырмыз? Оларға қандай көмек көрсетіп жатсыздар?
- Балалар құқығы жөніндегі уәкіл ретінде Халықаралық адам құқығы жөніндегі комитет және өңірлердегі құқық қорғау ұйымдарымен бірге жұмыс істеп жатырмын. Қандай да бір қалада қамалғандар арасында кәмелетке толмағандар болса, ресми хат жазып, ол жаққа құқық қорғаушыларды жіберуін сұраймын. Егер ақпарат расталса, Бас прокуратураға хат жолдап, бұлтартпау шарасын қайта қарау керектігін айтып жатырмыз. Бүгінге дейн 11 бала ешқайда кетпеу тілхатымен, ата-анасының, қамқоршысының қадағалауымен қамаудан шығарылды. Ал азаптау деректері шығып жатқан жағдайда, оған қатысты тергеу жүргізуді сұрап жатырмыз. Қазірдің өзінде бірнеше іс қозғалғанын білеміз.
Екінші жағынан, Қаңтар оқиғасында қаза тапқан немесе жараланып, емделіп жатқан балаларға көмек көрсетудеміз.