Мәжіліс депутаты ресейліктерге қазақ тіліне құрметпен қарау керектігін айтты
Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева Ресейдегі ішінара мобилизациядан кейін бас сауғалап, Қазақстанға үдере көшкен көрші елдің азаматтарына қатысты пікір білдірді.
Ол Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде және кәдімгі азамат ретінде қалыптасқан жағдайға алаңдап отырғанын, жаппай көші өзіне ұнамайтынын айтты.
Ресейліктерге айтарым, Қазақстанда қонақ екендеріңізді ұмытпаңыздар. Жергілікті халықтың өз дәстүрі, тұрмысы, ішкі жан дүниесі бар, өзінің дүниеге деген көзқарасы бар. Біздің өз менталитетіміз бар. Олар біздің бұл құндылықтарымызға міндетті түрде құрметпен қарауы керек. Ресейліктердің дені транзитпен басқа мемлекеттерге кетеді. Ал, біздің елде қалғысы келгендерге айтарым, мемлекеттік тілді үйреніңдер. Егер қазақ жерінде қаламын десе, осыны қаперлерінде ұстасын. Өйткені, тілге құрмет - елге құрмет!, – деді ол.
Осы ретте, депутат мемлекеттік тілді үйрену көбіне көп өз отандастарымызға байланысты екенін, халық, ол өз ана тілін білмейтін қазақ болсын, басқасы болсын сана сезімдерін оятып, қазақ тілін үйренуге уақыттары келгенін атап өтті. Ол тілдің қоғаммен бірге жасап, өсіп, дамитынын, егер тілімізді өшірмей, өсіргіміз келсе, онда сөзден іске көшу керектігін ескертті.