Жұмыссыз жастар «қазақ гастарбайтерлерінің» үлкен армиясын құрып жатыр – сенатор
Былтырғы 9 айда 7,5 мың жас азамат шетелге жұмыс іздеп кеткен
Сенат депутаты Динар Нөкетаева бүгін жоғарғы палата отырысында елдегі миграция мәселенің күрделеніп кетенін көтерді. Оның айтуынша, былтыр 7 жарым мыңдай жас қазақстандық шетелге жұмыс іздеп кеткен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутат оған миграция бойынша халықаралық ұйым дерегін келтіреді. Ондағы ақпарат бойынша, Қазақстанда ішкі миграция жыл сайын миллионнан астам адамды қамтиды. Жұрт негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына көшіп жатыр. 1992 жылы аталған қалалардағы халық саны жалпы елдің 11%-дан астам бөлігін құраса, былтыр ол 22,6%-ға жеткен, яғни екі есе өскен.
Әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша, 2021 жылы сауалнамаға қатысқан ауыл тұрғындарының 27%-ы қалаға көшкісі келетінін білдірген. 14%-ы негізгі себебі ретінде ауылда жұмыс жоқтығын айтқан. Сондай-ақ миграцияның жұмыс іздеушілерге кері әсері олардың отбасыларының ажырасуына әкеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ажырасу саны 45%-ға жетті. Олардың негізгі себебі жұмыссыздық пен миграциялық процестерге байланысты табыстың жетіспеушілігі болып отыр, – дейді Нөкетаева.
Сенатор айтқан тағы бір маңызды жайт, лайықты жалақы таппай, отбасын асырай алмай, жоғары жалақы іздеп, топ-тобымен алыс-жақын шетелге кетіп жатқан жастарымыз «қазақ гастарбайтерлерінің» үлкен армиясын құрып жатыр. Статистикалық мәлімет бойынша, 2021 жылғы 9 айда 18 бен 35 жас аралығындағы 7 жарым мыңдай қазақстандық жайлы өмір іздеп, елден кетіп қалған. Бұл алдыңғы жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 8,9%-ға артық. Ал шынайы дерек одан екі есе жоғары болуы мүмкін.