Halyq Uni логотип
×

Қазақстанға кеше келген ресейлік Астанада IT ұйымын ашқысы келеді

Алексей Данилин соғыс аяқталмайынша Ресейге оралмақ емес

 Ербол Тұрымбет 27.09.2022 | 17:35
Қазақстанға кеше келген ресейлік Астанада IT ұйымын ашқысы келеді
Коллаж: Халық үні

Мәскеулік Алексей Данилин Астанаға 26 қыркүйекте келген. Елордаға келу жолы да оңай болмапты. Әуелі Мәскеу облысындағы Внуково әуежайынан Түменге ұшып шыққан. Одан кейін Омбыға, әрі қарай Есілкөлге барған, сол жерден Қазақстанға өткен. Петропавл арқылы елордаға жеткен. Қазір ол Қазақстанға Ресейден келген IT мамандарының басын қосып, компания құру не бірлескен жоба іске асыруға кірісіп жатыр. Halyq Uni тілшісі Алексей Данилинмен осы бастамасы туралы әңгімелесті.

Алексей, сіз «Ковчег» телеграм-чатында Ресейден келген IT мамандардың басын қосу туралы бастама көтердіңіз. Бұл ойының қолдау тапты ма?

– Әлі команда жинай қоймадым. Енді құжаттарға кірісу керек. Әзірше ақшамды айырбастап, қазақстандық sim-карта ғана алдым. Әрі қарай не істейтінімді әлі білмеймін.

Ресми түрде Ресейде қызметім сақталды. Алайда кейінгі кезде ол жақта да түсініксіз жайттар болып жатыр. Сондықтан Қазақстанға келіп үлгерген IT мамандардың басын Астанада қосайын деп шештім.

Бір коворкинг орталықта кездесу ұйымдастыруым мүмкін. Алдымен танысып, білісіп, кімде қандай ой барын білу қажет. Бос отырмай, іспен айналысу қажет.

Қазақстанға келу туралы бірден шешім қабылдадыңыз ба?

– Осы дүрбелең басталған соң көктемнен бері Қазақстаннан жұмыс іздей бастадым. Бірнеше ұсыныс болды, бірақ маған келмеді. Оның үстіне, ол кездері Қазақстанға қоныс аудару туралы шешім қабылдамадым. Алайда YouTube платформасынан мемлекет туралы қарадым.

Қазір қандай да бір алдын ала жоспарыңыз бар ма?

– Қазір жұмыс істеп жүрген компаниямды есепке алмасақ, әзірге еш жоспарым жоқ. Автобөлшектермен айналысатын Ресейдегі ірі B2B компаниясында жұмыс істеймін. Компанияда Қазақстаннан да әріптестерім бар.

Өнім бойынша менеджермін. Соған қатысты жаңа идеялар іздеймін. Енді ғана кірісіп жатырмын. Қазір Қазақстанға келген IT мамандардан кім бар, кім қосылғысы келеді – бәрін жинаймын. Бірақ алдымен қазір жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) аламын.

Астанадан пәтер таба алдыңыз ба?

– Уақытша тұратын пәтер таптым. Енді тұрақты пәтер керек. Бағасына келсек, валюта бойынша курс айырмашылығы бар. Егер табысым Ресейдегідей болса, онда бәріне жетеді. Алайда келіп жатқандардың бәрінің жинаған ақшасы бар дей алмаймын.

ІІМ мәліметінше, көптеген ресейлік біздің елге тек басқа жаққа ұшып кету үшін келген. Сіздің жоспарыңыз қандай?

– Менде де «Б» жоспары бар. Қазақстанда қала алмайтын болсам, Еуропаға кетемін. Алайда нақты баратын жерім жоқ, саяси баспана сұрау керек. Қалай болса да, Ресейге қазіргі саяси жағдайда қайтпаймын. Ресей билігінің саясатына және олардың істеп жатқандарына түбегейлі қарсымын.

Әскер қатарына қосылуға шақырту алдыңыз ба?

– Жоқ, 39 жастамын. Демек, екінші топта шақырылатындардың қатарындамын.

Кіші сержантпын әрі топогеодезия бөлімінің командирімін. Жедел әскерде борышымды өтедім. Сондықтан шақырту келеді деп ойлаймын. Алайда қазіргі жағдайда кез келген адамды алып кетуі мүмкін. Ол үшін ешқандай заңға қарамайды. Сондықтан өміріңе қатер төніп тұрғанда шақыруы мүмкін бе, жоқ па деп қарап жатпайсың.

Ресейден кету туралы шешіміңізді туыстарыңыз қалай қабылдады?

– Әйелім мені қолдайды, мүмкіндік болғанда оларды жаныма көшіріп алуды жоспарлап отырмын. Таныстарымның көбі бұл шешімімді қолдады. Қарсы болғандар да бар. Әркімнің көзқарасы әртүрлі.

Жан-жағым IT саласының өкілдері. Олардың басым бөлігі кетіп жатыр. Қазірге дейін 20%-ы елден кеткен де болар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама