Тоқаев Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер туралы айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстанға көптеп келіп жатқан ресейліктер туралы айтты.
«Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады.
Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым», - деді Президент.
Мемлекет басшысы осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты таныт керегін айтты.
Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі, - деді Мемлекет басшысы.
Президент Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді ел мүддесіне сай шешуге болатынын жеткізді.
«Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек», - деді Тоқаев.