Путиннің айтағына еріп жүргендер украин жерінде қаза тауып, жерленбей жатыр, – деді ол.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей халқына үндеу жолдады.
Ол Путиннің жариялаған әскерге ішінара жұмылдырудың ел әскерінің соғыстағы сәтсіздігін көрсететінін атап өтті.
6 айда 55 мың орыс жауынгері қаза тапты. Он мыңдаған адам жараланды. Мүгедек болды. Егер Украинаға қарсы соғысқа келсеңіздер, өлім-жітім бұдан да көбейеді. Соны қалайсыздар ма? Қалмасаңыздар, мобилизацияға қарсы шығыңыздар. Наразылыққа шығыңыздар. Ресейден көшіп кетіңіздер не болмаса бізге беріліңіздер. Бұл – аман қалудың екі ғана жолы. Ресейде ер адамның алдында өлу немесе өмір сүру деген екі таңдау ғана тұр. Ал әйелдер күйеулерінен, балалары мен немерелерінен айырылады немесе оларды өлімнен, соғыстан аман алып қалуға тырысады. Ресейдің аналары! Ресейде тек батыл адам ғана өз балаларын аман сақтап қала алады. Ал Ресей билігіне көнбіс болып, айтаққа еріп жүргендер украин жерінде қаза тауып, ит-құсқа таланып, жерленбей қалады, – деді ол.
Сонымен бірге ол Ресейдің облыстары мен өлкелерінде, Дағыстан мен Бурятия сияқты басқа да ұлттық республикалар шыққан әскерилердің Путиннің өзі құрған ажал қақпанына түсіп жатқанын айтты.
Қазір Ресей қалаларында Путиннің ішірана мобилизация жариялау туралы жарлығы шыққаннан кейін халықтың наразылығы күн өткен сайын күшейіп келеді. Елден қашып жатқан еркек кіндік атаулыларында есеп жоқ.
Ресей халқы Путиннің шешіміне үш түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірінші топ Путиннің шешімін дұрыс десе, енді бір топ елден кетудің жолдарын қарастырып, ұшақ пен пойызға билет іздеп, сандалып жүр. Көлікке отырып, шекара асқысы келгендер көбеюде. Үшінші топ қала көшелеріне шығып, наразылықтарын білдіріп жатыр.