Halyq Uni логотип
×

«Бюджеті беймәлім». Депутат әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысын сынға алды

Мәжіліс депутаты олардың топ-менеджерлерінің жалақысы, сыйақысы, бонустары ашық болуын талап етті

 Айнұр Шошаева 16.02.2022 | 14:30
«Бюджеті беймәлім». Депутат әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысын сынға алды
фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысындағы кемшіліктерді сынады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.  

Оның айтуынша, Қазақстандағы ӘКК қызметі бүгінге дейін заңмен реттелмеген, қазір ешқандай ортақ ережесіз жұмыс істейтін құрылым. 

Әрбір әкімдік оны өзінше қолданып жатыр. Шын мәнінде, бұл мекеме делдал рөлін атқарады. Олардың не жоба менеджері, не мемлекет өкілі, не кәсіпкер екені түсініксіз. Корпорация кәсіпкерлерді қолдау құралының орнына, олардың проблемасына айналуда. Мысалы, кейде кең тараған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсат беру немесе жер учаскесін сұрау, не инфрақұрылым керек кезде, ӘКК жарғылық капиталға бір тиын салмастан мекеме меншігіне 30%-ға дейін қатыстыруын талап етеді, ал бұрын кәсіпкер мұндай рұқсатты жергілікті органдардан тікелей және тегін алатын, – деді ол өзінің үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында. 

Сондай ақ депутат бизнес омбудсменге сілтеме жасап, аталған корпорациялардың шығынын мысалға келтірді. Мәселен, ӘКК 2017 жылды 2,5 млрд теңге шығынмен аяқтаса, бір жылдан соң шығыны алты есеге өсіп, 2018 жылды 15,5 млрд теңгеге жеткен. 

«Айта кететін жәйт, осы ӘКК-лердің бюджеттері қоғам үшін беймәлім және олардың есептері ешқандай мемлекеттік құжатпен реттелмеген. Оған қоса, мемлекеттік органдар корпарацияны коррупция құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, корпорация тарапынан халық тұтынатын өмірлік маңызы бар тауарлар бағасын төмендету мәселесінде немқұрайлық, яғни өз мақсаттары мен міндеттерін орындамау және тиісінше жүзеге асырмау байқалады. Салдарынан жергілікті бюджет қана емес, кәсіпкерлік субъектілері және халықтың әлеуметтік осал топтары да зардап шегіп жатыр», – деп қосты мәжілісмен. 

Оның пікірінше, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысындағы олқылықтар тиісті органдар тарапынан нақты бақылау болмауының нәтижесінде болып отыр. Сондықтан өңірлердегі ӘКК мақсаты мен рөлін айқындау қажет, Егер осы түрде қала берсе - бұл ұйым бизнесті дамытуға кедергі. Сондықтан оларды таратуға жататын тиімсіз институт деп тану қажет деген пікірде. 

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң аясында ӘКК-ні қаржыландыру, қаражаты мен қызметі үшін есеп беруін, тиімділігін қадағалауды жергілікті мәслихатқа жүктеу керек. Олардың табатын табысы болса, оны толығымен жергілікті бюджетке салып, қоғам үшін ашық түрде пайдалану қажет. Әсерісе топ-менеджерлердің жалақысы, сыйақысы, бонустары мен офис-көлкітерін де мәслихат бекіту тиіс», - деп сөзін түйіндеді депутат Ерубаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама