×

Мәсімов хатты Назарбаевқа бермей, тартпасына тыққан екен – Мешімбаева

Экс-президентке жазғаным үш жылдан кейін жетті, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 22.09.2022 | 16:31

Статистика агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Мешімбаева «...Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында кезінде өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іске қатысты тағы бір деректі айтты.

Ол әңгіме арасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімов те өзіне араша бола алмағанын, керісінше елден тез арада кетіп, көзге көрінбеу керектігін айтқанын мәлімдеді. Сұхбатта экс-төраға саяси ойынның құрбаны болғанын жасырмады. Ол өзінің екі орынбасарының қамауға алынуына және өзіне қарсы қозғалып жатқан қылмыстық іске байланысты экс-президентке хат жазғанын, алайда ол Назарбаевқа жетпегенін, сол хатты түрмеде отырғанда үш жылдан кейін қайтып жазғанын айтты.

«Мен Нұрсұлтан Әбішұлына хат жазғанмын. Ол хатты Мәсімовтен беріп жібергенмін. Сосын Назарбаев қаржы полициясын, прокуратураны шақырып, мәжіліс өткізген. Лагерьде болғанда тағы бір хат жаздым. Екінші орынбасарым түрмеге қамалғанда тағы бір хат жазып, бәрін ашық айтқанмын. Ұрлыққа ешқандай қатысым жоқ дедім. Сол хатты мен Мәсімовке тапсырдым. Бірақ Кәрім Қажымқанұлы президентке бермей, тартпасына салып қойды. Ол сен қамауға алынғанда ғана хатты апарамын, деді.

Сол хат 2009 жылы президентке жеткен жоқ. Хаттың көшірмесін лагерьде отырғанда 3 жылдан кейін тағы жазып жібердім. Содан кейін ғана ол Назарбаевқа жетіп, мені колонияға шығарды. Сол кезде билік маған мынадай талап қойды. Маған «Біріншіден, сізді түрмеден шығарамыз. Бірақ сіз оппозицияға кірмеңіз. Екіншіден, істі қайта қарауға, ақталуға, ақталып шығуға өтініш жазбаңыз. Оппозицияға қосылмаңыз» деп айтты», – деді ол.

Ол биліктің оппозицияға қосылмаңыз дегенін қалай түсінгенін айтты.

«Биліктің оппозицияға бармаңыз, қосылмаңыз» дегенін былай түсіндім. Мен қызметте жүргенде ойымды ашық айтатынмын. Шындықтың бетіне тура қарап сөйлейтінмін. Солан сескен шығар деп ойлаймын. Түрмеде кітап жазғанмын. Оны жақсы білесіздер. Сол кітабым үш жылдан кейін, Қаңтар оқиғасынан кейін жарыққа шықты. Онда бәрін жіпке тізім айттым», – деді Мешімбаева.

Одан кейін Аран Мешімбаева Назарбаев пен Мәсімовтің талап етуімен мәжбүрлі түрде елден кеткенін жеткізді.

Сұхбатта ол «Сізге Мәскеуге кетіңіз. Сол жақта болыңыз деп кім айтты?», деген сұраққа былай жауап берді.

«Кәрім Қажымқанұлының адамдары айтты. 2009 жылы қыркүйекте маған Қазақстаннан кету керексің деді. Қаржы полициясы тергеуді бітірген соң бір жарым жылдан кейін келесің деп айтты. Мен кете алмаймын дедім. Өйткені, Мәскеуге кетсем бәрі мені айыптап, кәнілі етіп қоятын еді. Екі аптадан кейін енді президенттің өзі маған елден кету керектігімді айтты. Сосын чемоданымды, қызымды алып, Мәскеуге кеттім. Ол жақта достарым бар еді. Өте қиын жылдар болды. Әке-шешеммен араласқан жоқпыз. Өйткені, телефон ұстауға болмайтын еді.

«Биліктің ойындары халықтың ойына кіріп шықпайтын нәрсе» деп кітапқа жазғанмын. Меніңше қаңтар оқиғасы саяси ойынға айналып кетті», –  деді экс-төраға.

Интервьюдің соңында журналист Ербол Сейілхан экс-төрағадан оның жездесі, белгілі ақын Нұрлан Оразалиннің қалай көмек бергенін сұрады.  

«Сол кісінің сіздің бостаныққа шығуыңызға көмегі болды ма?», – деген сұраққа: «Ақша біткенде адвокаттың қызметін төледі», –  деп жауап берді.

«Назарбаевтан көмек сұраған жоқ па?», –  деген тағы бір сұрағына ол: «Жоқ», –  деп жауап қайырды.

Осы ретте, Анар Мешімбаева басына қиын жағдай түскенде экс-президент Назарбаевтың да бұрынғы Үкімет басшысы Мәсімовтің де оны ұмытқанын, тек жанында отбасы ғана болғанын айтты.

«Біріншіден адам Құдайға, сосын өзіне сену керек. Қандай жағдай болса да отбасыңмен бірге болу керек. Президент те, премьер- миниистр де мені ұмытты. Жанымда отбасым ғана қалды. Отбасым ғана күш берді. Қазір мен өзіме ұнайтын жұмыспен айналысып жүрмін. Нейропсихологпын. Көптеген курсты бітірдім. Ерекше туған, аутизммен ауыратын балалармен жұмыс істеймін. Маған жұмысым ұнайды. Әр бала қандай диагнозы болса да періште ғой. Мен баланы жақсы көремін. Бала көрсем онымен ойнап кетемін. Мен баламен ойнай білемін. Оның көңілін табамын. Оларға сөйлеуді үйретемін. Бала ұшін бәрін істеймін. Ең бастысы, жұмысымда нақты нәтиже бар», –  деп ол сөзін аяқтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама