Halyq Uni логотип
×

Назарбаев ренжіп қалмай ма? Сенат төрағасы Тұңғыш президент күні неге мереке қатарынан алынғанын түсіндірді

Депутаттар заңға тиісті өзгерістер енгізуді қолдады

 Дәурен Ерболат 22.09.2022 | 12:10
Назарбаев ренжіп қалмай ма? Сенат төрағасы Тұңғыш президент күні неге мереке қатарынан алынғанын түсіндірді
фото: Нұрсұлтан Назарбаев, Мәулен Әшімбаев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні мерекесі неге алынып тасталғанын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жалпы отырыстан шыққан сенаторға журналист «Тұңғыш президент күнін алып тастадыңыздар. Нұрсұлтан Назарбаев ренжіп қалмай ма?» деп сұрақ қойды.

Мәулен Әшімбаев сенаторлар бұл ұсынысты қолдағанын атап өтті.

«1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнін алып тастадық. Биыл 5 маусымда республикалық жалпыұлттық референдум өтті. Оны сіздер білесіздер. Референдумға қатысқан шығарсыздар. Естеріңізде болса, онда Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде халық Елбасы туралы баптарды алып тастау туралы ұсынысты қолдады», - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң журналистерге.

Оның айтуынша, енді басқа заңдарға өзгерістер енгізілуі керек.

Қазір біз депутаттар Конституцияға енгізілген өзгерістерді ары қарай жүзеге асырып жатырмыз яғни заңға тиісті өзгерістер енгізілуі қажет. Олар Конституцияға сәйкес болуы шарт. Сол себепті қазір біз басқа заңдарды Конституцияға сәйкестендірудеміз. Мұны сол процесс деп қарастырыңыздар, - деді ол.

Сенат төрағасы Тұңғыш президент күні мерекесі айтулы күн ретінде қалатынын атап өтті.

Айта кетейік, бүгін сенаторлар Тұңғыш президент күнін мереке санатынан алуды қолдап дауыс берді.

АНЫҚТАМА ҮШІН:

2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламенттің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға енгізілген өзгеріс қабылданды. Заң аясында 1 желтоқсанда аталып өтетін – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күні бекітілді. Осылайша 2012 жылдың 1 желтоқсанынан бері бұл күн мемлекеттік мереке деңгейінде тойланып келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама