Halyq Uni логотип
×

«Сайлаудың мәні саяси үрдісті соңына дейін жеткізу». Саясаттанушы кезектен тыс президент сайлауының мәнін түсіндірді

Сарапшының айтуынша, қырғыз-тәжік арасындағы жанжал бекер емес

 Ербол Тұрымбет 22.09.2022 | 13:48
«Сайлаудың мәні саяси үрдісті соңына дейін жеткізу». Саясаттанушы кезектен тыс президент сайлауының мәнін түсіндірді
Сурет: сарапшының жеке архивінен

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын белгілеу туралы жарлыққа қол қойған еді. Сөйтіп, Конституцияға сәйкес, елімізде кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін болды.

Мұхит Асанбаевтың пікірінше, референдум болған кезде-ақ кей сарапшылар президент сайлауының биыл, не келесі жылы болатынын айтып жүрген. Өйткені, ақылға қонымды. Бұл жердегі мәселе, кандидаттың халық мандатына ие болу.

Бұған дейінгі реформалар Конституция бойынша жүрді. Сарапшының ойынша, енді Мемлекет басшысы мандатын халықтың алдына тастайды.

Ресейде мобилизация, шиеленіс. Олардың жағдайын болжап білу мүмкін емес. Украинадан жеңіліс тапса, ықпалын бізге жүргізуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алудың бірден бір жолы халықтан легитимизация алу. Бұл бір. Екінші жағынан, саяси үрдіс басталды, соны да аяғына дейін жеткізу, – дейді сарапшы.

Саясаттанушының айтуынша, Президенттің сайлау туралы айтқанына бір ай болды. Бұрын сайлау туралы бір күнде жариялап, күнін де белгілеп тастайтын. Қазір біраз уақыт беріп отыр. Әрине, уақыт тығыз. Өзі тарихымызда уақытымен өткен сайлау өте аз. Дегенмен, мемлекет үшін керек қадам.

Бұл жерде сыртқы фактор қатты ойнап кетті. Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстан – мұның бәрі бекер емес. Қырғыз бен тәжік аяқасты неге соғыса қалды? Былтыр мамыр айында да осылай соғысқан. Негізі шабуыл тәжік тарапынан болып отыр. Тәжікстанда Ресейдің әскери базалары бар. Қырғызстанда да бар. Оның бәрі кездейсоқ емес, – дейді ол.

Мұхит Болатбекұлының сөзінше, қазіргі қырғыз-тәжік арасындағы жанжал Ташкенттегі ШЫҰ саммиті бітер кезде басталды. Ол да бекер емес. Бұл жерде Орталық Азияның ішінара бірлігін шайқалту сияқты деген ойда. Мұндайда су лайланғанда сыртқы күштерге балық аулау да оңай. Сондықтан да осындай сыртқы факторлар біздің ішкі саясатқа қатты әсер етіп тұр. Осы жағынан қарастыруымыз керектігін айтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама