×

Сарапшы Энергетика министрінің майнерлерге қатысты мәлімдемесіне жауап берді

Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметовпен блиц-сұхбат

 Ербол Тұрымбет 15.02.2022 | 18:23
Сапар Ахметов, қауымдастық басшысы

Бүгін Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстандағы майнингті реттеу және дамыту бойынша ведомство әзірлеп жатқан бірқатар шараны атады. 

Министрдің мәліметінше, цифрлық майнингті реттеу бойынша майнерлерге электр энергиясын тұтынуға квота қалыптастыру, цифрлық майнингтер мен электр энергиясының орталықтандырылған саудада босату бағасынан жоғары сатып алуды қамтамасыз ету, қуат нарығында басқа электр энергиясын тұтыну арасындағы дифференциалдық жолмен цифрлық майнинг нысандары үшін тарифті арттыру, электр энергиясның бөлшек нарығындағы цифрлық майнинг субъектілерін электрмен жабдықтауды тыйым салу, РФ теріс сальдосының тапшылығы кезінде майнерлердің энергия тұтынуын шектеу сияқты шаралар көзделген. 

Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметов Halyq Uni тілшісіне Энергетика министрінің бүгінгі мәлімдемесіне қатысты пікірін білдірді.

- Соңғы уақытта майнинг тақырыбы қоғамда қызу талқыға түсе бастады. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың майнинг жөніндегі соңғы мәлімдемелеріне қатысты не айта аласыз?

- Жүктеме артатын шақта электр қуаты жетіспеуінің басты себептерінің бірі электр өндіруші мекемелердегі апаттық жағдайлар екенін Энергетика министрі атап көрсетті. Соңғы 3 айда «ақ майнерлердің» электр энергиясына қолы жетпей қалғанын ескерсек, негізгі себеп энергия жүйесінің тозуында жатқанын нық сеніммен айтуға болады.

Министр айтқандай, тапшылықтың тағы бір себебі - кенеттен қосылған жүктеме, яғни майнерлер. Дегенмен, 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап заңды түрде тіркелген майнинг компаниялары ажыратылғаннан кейін елдің энергожүйесінде 640 МВт профицит болуы керек еді. Бірақ олай болмады. Демек, осы жайттарға негізгі кінәлі майнерлер емес деген қорытынды шығаруға болады. Керісінше, майнинг ел энергетикасындағы даму стратегиясының жоқтығынан ондаған жылдар бойы қалыптасқан қиын жағдайды көрсетіп беріп отыр.

- Майнерлерге деген қысым елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетпей ме?

- Сөзсіз кері әсер етеді. Бірқатар компания шешім қабылдап, қондырғыларын өзге елдерге алып кетті. Олардың арасында қондырғыларымен бірге технологияларын да әкеліп, жергілікті кадрларды оқытып, тіпті ел энергетикасына инвестиция салуға қызығушылық танытып жүрген инвесторлар бар.

Энергетика министрі «Оларды кім шақырғанын білмеймін. Бәлкім, шақырмау керек пе еді. Әйтеуір келе берді, келе берді» деді. Инвесторларды елге Мемлекет басшысы шақырғанын айта кеткім келеді. Президент былтыр Қазақстан халқына жолдауында «Қазақстан үшін заманауи сандық технологиялардың трансферті мен 4.0 Индустриясының элементтерін енгізу өте маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық әріптестерімізбен белсенді жұмыс істеуіміз керек» деді. Оған қоса, Президент «Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлар экспорты 2025 жылға қарай кем дегенде 500 млн доллар болуы керек» деген мақсатты да жариялады. Сондықтан мұндай деңгейдегі шенеуніктің инвестиция тартуға қарсы «күрес» туралы мәлімдемесі біртүрлі естіледі.

- Қазір майнерлерге қатысты салық көлемін ұлғайту мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл жөнінде не дейсіз?

- Былтыр майнингке салық салу туралы заң жобасы қабылданды. Биыл бірінші қаңтардан бастап «ақ майнерлер» тоқсан сайын салық төлеп тұруы керек. Алайда әлі белгісіз. Өйткені, майнинг фермаларының жұмысы осы жылдың алғашқы екі айында тоқтап қалды.

Энергетика министрлігінің салықты 10 есе көбейту туралы ұсынысы бізге біртүрлі көрініп тұр. Майнерлерге деген негізгі шағым олардың электр қуатын тым көп тұтынатындығына қатысты болып отыр. Алайда, төлемдер бойынша сараптама жасамай, салықты көтеруді ұсыну тиімсіз. Біз Үкіметке электр энергиясын Ресейден 25 теңге көтерме бағамен импорттауды ұсындық. Тасымалдауға кететін шығынды қоса есептегенде ол шамамен 30 теңгеге айналар еді. РФ-дағы профицитті ескере келе осылай істеуге болар еді. Соның арқасында майнинг компанияларының жұмысын жалғастыра беруін шешер едік. Олар да тиісті салықтың бәрін, соның ішінде арнайы салық түрін де төлер еді.

Ол ел бюджеті үшін әлдеқайда рационалды болар еді. Ал қазір елде жоқ электр қуатына салықты 10 теңгеге дейін көбейтуді ұсынып отыр. Электр энергиясының жаңа генерациясы болмаса және цифрлық майнингті отандық электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмаған жерде 1 Квт-қа салықты 10 теңгеге дейін көтеру ұсынысы құр сөз күйінде қалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама