Еуропа одағы Изюмдегі қырғын үшін кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді
ЕО 440-тан астам кісінің көмілген жерлерін көргенде естен танғандай күй кешті
Еуропа одағы Укринаның Изюм қаласындағы жаппай кісі өлімі үшін Ресей басшылығын жауапқа тартуға уәде берді.
Бұл туралы The Moskou Times хабарлады.
Еуропа дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель осы мәселе бойынша табанды түрде жұмыс істейтінін айтты.
«Еуроодақ бұл бағытта бар күшін жұмылдырады», – деп жазды ол Twitter-де
«Еуропа одағы украин билігі жақында орыс әскерлерінен азат етілген Изюм қаласынан тапқан 440-тан астам кісінің көмілген жерлерін көргенде естен танғандай күй кешті. Ресейдің Украинаға қарсы агрессиялық соғысы бүкіл Украина жерінде өзінің қанды лаңын қалдырды», – деді Боррель.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Изюмде жергілікті тұрғындар қабірлерінің табылуы Ресейдің Украинада жасаған зұлымдықтары тарихын жалғастыра түсетінін және «жасалған айуандықтарын» құжат жүзінде айғақтап беретінін айтты.
«Көп жағдайда мұны соғыс қылмысы деп бағалауға болады», – деді ол.
Осының алдында БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі басқармасының Изюм мен оның айналасындағы жаппай кісі жерлеу жағдайын зерттеу үшін арнайы топ жіберетінін айтылды. БҰҰ сарапшылары мұнда әскери қылмыскерлер құрбан болды ма, жоқ жергілікті тұрғындар өлтірілді ме, соны да анықтайды. Сондай-ақ өлімнің орын алу себептеріне, қандай жағдайда жасалғанына тексеру жүргізеді.
Украин тарапының мәліметі бойынша, Изюмде 445 бейбіт тұрғын мен бір әскери қызметкердің бейіті табылған. Сарапшылар осылардың бәрінің денелерін эксгумация жасауды бастап кетті.
Ресей оккупанттары Изюм қаласын сәуір айының басында басып алған еді. Украина Қарулы күштері қаланы 11 қыркүйекте жаудан азат етті. Қолда бар дерекке қарағанда, қалада бес айдан аса уақыт ішінде мыңнан аса адамның қаза тапқан. Бұдан басқа, көп қабатты үйлердің 70 пайызы, инфрақұрылымның 80 пайыздан астамы жойылып кеткен.
Қазір Изюмде 10 мыңға жуық адам тұрады. Ресей басқыншылары басып кіргенге дейін мұнда 46 мың адам болып еді.