Осы мәселеге байланысты 5-6 рет жұмыс тобының отырысы өткен
Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «Aq jol» ҚДП фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбинов Halyq Uni ютуб-арнасына берген сұқбатында айтты.
Депутаттың айтуынша, халықтың сайлаудан көңілі қалған
Ауылда, мысалы, үш мың адам тұралы делік. Соған үш адам сайлауға түседі. Сол үш адамға үш-ақ жүз адам дауыс береді. Соның ішінен біреуі 150 адамның даусымен жеңіп, әкім болады. Қалған халық қайда қалды? Оған Орталық сайлау комиссиясының айтатын сылтауы, жұрт сайлауға келмейді дейді. Неге келмейді? Өйткені, сайлаудан халықтың көңілі қалған, – дейді депутат.
Себебі, оның сөзінше, егер жұрттың жайын ойлайтын ауыл тұрғыны әкімдікке сайлауға түссе, оның ұстанымы аудан әкіміне қайшы келуі мүмкін. Ондайда аудан басшысы не сайлауға жібермейді, не кейін алып тастайды. Соның бәрін ескере келе заңға өзгеріс енгізіп отырғандарын жеткізді.
Тағы бір мысал, сайлаудағы бюллетеньді алғаннан салғанға дейінгі процестің бәрі онлайн болу керектігін айтады. Себебі, Берік Дүйсенбиновтың сөзінше, бізде цифрландыру деңгейі көп елден артық. Үйді де, көлікті де телефонмен сатып алуға болады. Тіпті, жұрт телефонмен некелесіп, ажырасып жатыр. Жұмыстағы кеңсеңізде, үйіңіздің кіреберісінде, көшеде де камера тұрады. Бүкіл көлік камераның бақылауында. Бірақ, ең маңызды мәселе, мемлекет басшысынан бастап ауылдың әкіміне дейінгі сайлау кезінде өкілетті орган камера орнатудың шығыны көптігін сылтау етіп, сондықтан мүмкін еместігін айтады.
Мысалы, заңға енгізіп отырған түзетуде сайлаудың нәтижесін әуелгі 12 сағатта санап, дереу цифрландырып, деректерін шығарып қою ұсынылып отыр. Өйткені, талай сорақылықты көрдік. Пандемия болып жатыр деп, бүкіл байқаушыларды шығарып, бюллетеньдер қолдарында, қайтып келсе, урнаның ішіндегі көрініс басқаша. Тұрып алып, уыстап бюллетень лақтырып жатқанын әлеуметтік желіден де көріп жүрміз, – дейді мәжілісмен.
Оның сөзінше, осы түзетулерге байланысты 5-6 рет жұмыс тобының отырысы өткен. Бірақ, соның бәрінде де не министрлік тарапынан, не басқа мемлекеттік органдар тарапынан әлі қолдау болмаған.
*Ескерту: Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновпен сұқбат Астана қаласының атауы ресми түрде қайтарылғанға дейін алынды.