«Ақылы универлер сапалы түлек іздейді». Сарапшылар ресейлік ЖОО-лар филиалын ашуға қатысты пікірін айтты

Ербол Тұрымбет

Экс-министр Жақсылық Құлекеев алдыңғы қатарлы техникалық университеттер Қазақстанда филиалын ашуға мүдделі еместігін айтты

фото: Halyq Uni

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-қаңтардағы тапсырмасынан кейін Білім және ғылым министрлігі Ресейдің техникалық бағыттағы іргелі оқу орындарымен байланыс орнатып, Қазақстанда филиалдарының ашылуына мұрындық болып жатыр. Жуырда президент Ресейге сапарында Путинмен бірқатар меморандумға қол қойып келді. Қазір ел арасында ресейлік оқу орындарының филиалын ашуға қатысты сан түрлі пікір қалыптасқан. Соған байланысты Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Facebook желісінде жазба қалдырып, ресейлік ЖОО-лардың филиалын ашудың тиімділігін тізіп шықты. Алайда, көпшілік вице-министр келтірген бірқатар уәжге қанағаттанбай отыр.

Halyq Uni тілшісі осы тақырып жайында белгілі мамандардың пікірін біліп көрді. Қазақстанға ресейлік университтердің филиалын ашу не үшін қажет? Олардың артықшылығы қандай?

IQAA бақылау кеңесінің төрағасы – бұрынғы Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарлы техникалық университеттер Қазақстанда филиалын ашуға қызықпайды. Себебі, біріншіден, адамның саны аз. Екіншіден, Қазақстандағы орташа табыс төмен. Оның үстіне, рейтингі жоғары университеттердің оқу ақысы өте жоғары.

Сондықтан халқымыздың ондай универлерде оқуға әлі де болса жағдайы келіңкіремейді. Үшіншіден, үздік университеттердің оқыту тілі ағылшын немесе басқа тілдерде. Осы тұрғыдан алғанда, менталитет, тіл жағынан еш кедергі жоқ. Ресей университеттерінің деңгейі қазақстандық ЖОО-лармен салыстырғанда анағұрлым жоғары, қалыптасқан дәстүрі бар, техникалық базасы да мықты, - дейді экс-министр.

Жақсылық Құлекеевтің айтуынша, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік технологиялық университеті, Мәскеу инженерлік-физикалық институты - дүние жүзіне белгілі оқу орындары.

«Сол ЖОО-лардың Қазақстанда филиалын ашатын болсақ, біріншіден оларда оқу бағасы төмен. Екіншіден, біз сол филиалдар арқылы Қазақстанда жаппай, өзімізге қажетті мамандықтар бойынша, қазақшалап айтқанда қолжетімді бағамен кадр дайындауға мүмкіндік аламыз. Бізде бұған дейін де Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ашылған. Оның Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында маман дайындау – өте үлкен деңгейде. Онда тек қана сол МГУ-ді бітірген немесе сонда ғылыми атаққа қол жеткізген адамдар ғана сабақ бере алады. Ондай мүмкіндік болмаса, Мәскеуден, сол университеттен бізге келіп, сол МГУ профессорлары сабақ береді», - дейді Жақсылық Әбдірахметұлы.

Сондықтан ғалымның пікірінше, Қазақстанда озық техникалық ЖОО-лардың филиалын ашу үшін белгілі талаптар болады.  

«Әрине, техникалық ЖОО филиалын ашу қиынға түседі. Себебі, соған қажет техникалық база жасауымыз керек. Қазақстанда техникалық маман дайындау қиын. Себебі көп университеттердің техникалық базасы бүгінгі талапқа сәйкес келе бермейді. Ал Ресейдің алдыңғы қатарлы универлері бізде филиалын ашса, онда техникалық базангы жетілдіру үшін Қазақстанға жоғары деңгейде талап қояды. Оның үстіне, бізде жастардың көбі, тіпті қазақ мектебін бітірген балалардың өзі орыс тілінде дәріс алуға қиналмайды. Ағылшын тілін көпшілігі жетік біле бермейді. Одан бөлек, «Болашақ» бағдарламасын ешкім жабайын деп жатқан жоқ», дейді экс-министр.

«МЕКТЕП САПАСЫН КӨТЕРМЕЙ НӘТИЖЕ ШЫҚПАЙДЫ»

Astana Garden School бас директоры Нұрмұхаммед Досыбаев алдымен мақсатына үңілу керектігін айтады.

«Нарықта техникалық мамандар жетіспеушілігінің себебі - отандық универлердің сапалы маман дайындай алмауында. Колледж жүйесі құрдымға кеткен. Мектептерде 9-сыныпты бітірген балалардың ішінде ең әлсізін колледждерге «қуады». Олардың келгені колледждерге де жақсы. Өйткені, оларда грант бар, соны игеру үшін студент керек. Студенттің өзіне де тиімді. Себебі, онда стипендия алады. Бірақ олардың ешбірі мықты маман дайындауға құлықты емес. Нәтижесінде нарықта сапалы техникалық кадр жетіспеушілігі туындайды. Оны жөнге келтіру үшін жүйелі реформа жасау керек», - дейді сарапшы.

Нұрмұхаммед Досыбаевтың сөзінше, соңғы жылдарға дейін ҰБТ-дан нашар бал алу әкімдердің рейтингіне тікелей әсер етіп отырған. Ал, колледждердегі білім сапасы әкімдердің рейтингіне әсер етпеген. Сол себепті, мектептегі үлгерімі нашар оқушыларды колледжге жіберу арқылы «құтылып» отырған.

Шетелдік оқу орындарының филиалын ашу - шешімнің төте жолы. Бірақ, түбегейлі шешім емес. Өйткені, онда оқитын – өзіміздегі мектептердің балалары. Қайтадан сол колледжге түскен балалар. Сондықтан мектептің сапасын едәуір көтермей, жағдайын жақсартпай, Гарвардтың филиалын ашсаңыз да нәтиже бермейді, - дейді Досыбаев.

«АҚЫЛЫ УНИВЕРЛЕР САПАЛЫ ТҮЛЕК ІЗДЕЙДІ»

Сарапшы Назарбаев университетін мысалға алып, ондағы студенттердің 70%-ға жуығы білім-инновация лицейі, Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық физика-математикалық мектебі, мамандандырылған «Дарын» мектептері, жекеменшік мектептер сынды мамандандырылған мектептердің түлектері екенін айтты.

«Олардың инфрақұрылымы дұрыс, ғылымға арналған зертханалары, реагенттері, құрал-жабдықтары – бәрі бар. Оларда балалар таңнан кешке дейін оқиды. Олардың мұғалімдері көше сыпырып, сайлау учаскелерін аралап жүрмейді. Себебі, ол мектептер қоғам тарапынан қатты қадағаланады.

Ал сол Назарбаев университетіндегі студенттердің 70%-ын құрап отырған мектептер Қазақстандағы 7 жарым мың мектептің 1 пайызы ғана. Қалған 99% мектебіміздің түлектері Назарбаев университеті студенттерінің 30%-ын ғана құрап отыр. Сайып келгенде, әрбір мектеп сапалы түлек дайындау керек. Содан кейін ғана олар қай университетте оқысын, жақсы нәтиже көрсете бастайды», - дейді маман.

Нұрмұхаммед Досыбаев ресейлік ЖОО-лардың ашылуынан қателік көрмейді, бірақ ол Қазақстан бюджетіне салмақ салмауға тиіс деп есептейді. Егер үкіметте артық ақша болса, оны өз универлеріміздің инфрақұрылымына, мамандарының сапасын жақсартуға жұмсау керек дегенді айтады.

«Егер олар өз ақшасына алып келеміз десе, тіпті керемет мүмкіншілік болмақ. Себебі, ешқандай шетелдік ЖОО біздің елде өз филиалдарын ашып, ақысы жоғары профессорларды қаржыландырып отырмайды. Егер соның бәрін өз ақшасына әкелетін болса, өте жақсы. Соның өзінде ұзаққа баратынына күмәнім бар. Себебі, барлық университет жұмысын көрсету үшін сапалы түлек іздейді. Ал сапалы түлекті қайдан іздейді? Бағанағы 1-2% мамандандырылған мектептерден іздейді. Яғни, мәселе жүйелі түрде жолға қойылмаса, бәрібір осындай қиыншылықтар болады», - дейді сарапшы.

«АЭС ҮШІН ЖАҢАДАН УНИВЕРСИТЕТ АШУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов бұл үрдіске оң қарайтынын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан дүниежүзілік қарым-қатынасын кеңейтуде. Бүгінгі таңда 146 мемлекетпен тығыз байланыста.

Негізгі мақсат - дүние жүзіне қажетті өнім өндіру. Ал әлемде технология күн сайын өзгеріп жатыр. Оларға жету мүмкін емес. Сондықтан дүние жүзіндегі мүмкіншіліктерді пайдалануымыз керек, - дейді Рахман Алшанов.

Экономистің пікірінше, қазір елімізде жүзден астам ЖОО бар десек, олар елдегі барлық кадрдың 98%-ын дайындап шығарып жатыр. Құрылыс, медицина, көлік, металлургия, кен саласы болсын, бәрін оқытады.

«Енді жаңа технологияны дамытамыз десек, кезінде мамандарды Ресей мен Беларусь әкелді. Бізде тек шикізат өндіру болды да, өңдеу өнеркәсібі дамымай қалды. Жаңа саланы дамытамыз десек, кадр жеткіліксіз. Оқу орындарын дайындап, балалар өскенше уақыт кетеді. Қазір Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік технологиялық университеті белгілі болды. Сосын Мәскеу инженерлік-физикалық институты. АЭС саламыз, соған маман әзір болуы керек. Қыруар адам дайындап береміз деп отырған жоқ. Бірақ 50 адам бола ма, 100 адам дайындай ма, белгісіз. Сондықтан бұл жерде қауіп деген жоқ, керісінше, бізге мүмкіншілік туғызу. Олар ары кетсе 25-50 адам оқытуы мүмкін. Мысалы, Қазақстанда кеме инженері, АЭС бойынша ары кетсе 100 адамды дайындау керек. Сол үшін универ ашудың қажеті жоқ», - дейді ол. 

Рахман Алшанұлының пікірінше, қазір проблема көп. Шетелде білім алған жастар меңгерген технологиясы Қазақстанда жоқ екеніне шағымданады.

«Өткен жолы Британ университетінің түлектерімен кездестім. «Біз оқыған технологиялар сіздерде жоқ екен» дейді. Ал кәсіпорындар заманауи озық үлгілерін сатып алуға әлі шамасы келмейтінін айтып отыр. Содан балаларға айттым, сендерді не үшін оқыттық? Қайтып оралып, елді дамытсын дедік. Қаражат тапшы болса да оқытқан себебіміз, сол технологияларды алып келу, кәсіпорындарға барып, соларды енгізуге атсалысу», - дейді экономист.

Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Қазақстан студенттер үшін РФ университеттері ЖОО таңдау кезінде қосымша балама болатынын жазған. Яғни, қазақстандық студенттер ресейлік ЖОО-мен қоса, әлемнің 27 елінің 200-ден астам университетінде білім алу мүмкіндігіне ие бола береді.

«Инженерлік дамудың қалыптасу кезеңінде Ресей әлемдегі жетекші инженерлік державалардың үштігіне кірді. Барлығымыз тарихтан ұзақ уақыт бойы Кеңес Одағының, содан кейін Ресейдің аэроғарыш, зымыран, ядролық физика және инженерия саласындағы көшбасшы болғанынына куә болдық. Тіпті, дүниежүзі үшін спутник адамзаттың жаңа әрі ғарышты жаулап алу дәуірінің айқын бейнесі болды. Бүгінгі таңда ресейлік мамандардың технологиялық жетістіктері артып келеді. Тиісінше, ресейлік оқу орындарында кадрлар даярлау батыстық білім деңгейінен еш кем түспейді деп білемін», - дейді вице-министр.