Украина өз жерінің тең жартысынан айырылуы мүмкін – Венгрияның премьер-министрі

Дастан Жұмабекұлы

Еуропа одағының өзі 2030 жылға дейін ыдырауы мүмкін

Фото: eadaily.com

Жақын уақытта Украина Ресеймен әскери қақтығыс кезінде өз аумағының үштен бірінен немесе жартысынан айырылуы мүмкін.

Бұл туралы Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан айтты. Оның айтуынша, соғыстың өзі 2030 жылға дейін жалғасуы мүмкін.

 «Украинская правда» порталының хабарлауынша, Венгрияның Үкімет басшысы жабық отырыстардың бірінде Батыс елдері Украинадағы қарулы қақтығысқа араласпағанда соғыс жергілікті сипатта болар еді деген пікір білдірген.

Бірақ Батыс араласып, оны үшінші дүниежүзілік соғысқа апаратындай соғыс етіп жіберді,  – деді ол.

Сондай-ақ ол Еуропаның болашағына қатысты ойларын айтып, алдағы 30-40 жылда Еуропа одағы адам танымастай өзгеруі мүмкін екенін жеткізген. Оның айтуынша, Батыс елдерінің Ресейге санкцияларынан туындаған энергетика дағдарысына байланысты Еуропа өнеркәсібінің 40 пайызы қыста жабылуы мүмкін. Сол себепті ол санкциялардың ұзартылуына жол бермеу үшін күш салуды жоспарлап отыр.

Орбан Еуропа одағының өзі 2030 жылға дейін ыдырауы мүмкін екенін, ал 2024 жылға қарай Францияны Африканың араб елдерінен келген иммигранттар халық санымен жаулап алатынын ескертті.