Halyq Uni логотип
×

Головкиннің жеңілісінен кейін Олимпиада чемпионы мәлімдеме жасады

Әйгілі спортшы билікке үндеу жасады

 Динара Амантай 18.09.2022 | 16:55
Головкиннің жеңілісінен кейін Олимпиада чемпионы мәлімдеме жасады
Коллаж: Halyq Uni

Бокстан 2008 жылғы Олимпиада чемпионы қазақстандық Бақыт Сәрсекбаев өзінің отандасы Геннадий Головкиннің мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен үшінші жекпе-жегінде жеңілгеннен кейін Instagram желісіндегі парақшасында билікке үндеу жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Танымал боксшы өзінің жазбасында Қазақстанды бүкіл әлемге әйгілі еткен тек бокс екендігін алға тартты.

Алға Қазақстан! Алға Гена!!! Тек бокс қана қазақстандықтарды жексенбінің таңында оята алды. Желілерде мұндай шамадан тыс белсенділікті тек бокс бере алады. Тек бокс арқылы Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Басқа спорт емес! Әр түрлі саясаткерлер мен президенттер арқылы да емес. Бұл қазақстандықтар үшін бокстың ұлттық спорт екенін тағы бір дәлелдейді! Қазақ пен бокс біртұтас, – деп жазды Сәрсекбаев.

Сонымен бірге ол жекпе-жек қазақтың қанына сіңген өнер екендігін айтып, билікті бұл спорт түрін мектеп бағдарламасына енгізуге шақырды.

Біз – еркін далалықтармыз, жекпе-жек өнері геніміздің түбінде жатыр. Мемлекетіміз бұл спорт түрін ұлттандырып, оқу бағдарламасына енгізетін уақыт жетті. Жеткілікті табысы болмағандықтан, еліміздің спортшылары тамақ тасушы, күзетші, жүк тиеушісі ретінде пайда табуға мәжбүр, ал кейбірі тіпті қылмыстық топтардың арбауына түсіп қалып жатыр. Сондықтан оларға майда-шүйдені ғана бөліп беретін кейбір түсініксіз федерацияларды қолдаудың қажеті жоқ.

Бокс – мемлекет үшін ең арзан спорт түрі, көпті қажет етпейді. Бұған қоса бокс кедейлердің спорты ғой, ұлы чемпиондарды қараңыз, олардың қайсысы миллионерлер отбасынан шыққан? Бірақ бокстың арқасында олар сондай биікке жетті. Тек бокс қана ең төменгі қабаттардан, кедейдің кедейін Олимп биіктігіне көтере алады, – деді экс-чемпион.

Сондай-ақ Бақыт Сәрсекбаев бұқаралық спортты дамыту үшін ешқандай да Артспорттың қажет емес екендігін жеткізді.

Аптасына кем дегенде бір рет мектеп бағдарламасына боксты енгізсеңіз болғаны, бұқаралық спортты дамытасыздар. Ал миллиардтап ақша бөлінетін артспорттың да,  басқалардың да қажеті жоқ. Түсініксіз кеңесшілерден, көмекшілерден бас тартып, Олимпиада чемпиондарын, Азия, әлем чемпиондарын, Азия ойындары чемпиондарын тартыңыз. Елестетіп көріңізші, мемлекет Генаға қанша қаржы құйып, ал пайдасыз спорт шенеуніктерін ұстауға қанша қаржы құйып жатыр? Бірінші жағдайда нөл, ал екіншісінде көптеген нөлдерден тұратын белгісіз сан. Ал олардың қайсысы ел беделі үшін қызмет етеді?

Құрметті мемлекет, уақыт зымырап өтіп жатыр, алдымызда 2024 жылғы Олимпиада деген емтихан тұр, спортқа көңіл бөліңіз. Балалардың, жасөспірімдердің спортын жаппаңыздар, тұншықтырмаңыздар. Жаңадан велосипед ойлап тапқанша, бар велосипедті жай ғана айналдыра алсаңыздар болды!

Өзіңіздің болжалды «инновациялық» идеяларыңызды бұл үшін қолайлырақ басқа жақтарда енгізіңіз, ал РСК аумағы ешбір ресурстар мен стандарттар бойынша бұған сәйкес келмейді. Мемлекет ақыр соңы естиді деп үміттенемін! – деп түйіндеді әйгілі боксшы.

Еске сала кетсек, Головкин мен Канело үшінші рет Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile аренасында кездесіп, бұл дода төрешілердің бірауыздан қабылданған шешіммен Альварестің жеңісімен аяқталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама