«Цзян Цземинь Тоқаевтың қытайшасы менен жақсы деген» - Си Цзиньпиннің сапары туралы
Ресейге тікелей бағытталған маңызды мәлімдеменің әсері өте үлкен болады
Белгілі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам Қытайдың Қазақстанға үлкен қолдау көрсеткені үшін алғыс айтуымыз керек деп есептейді. Бұл туралы ол «...Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.
Біз қалай болғанда да Қытаймен тіл табысуымыз керек. Ол – өте үлкен, өте ықпалды мемлекет. Бұл жерде Тоқаевтың рөлі керемет болады. Ол тек қана қытайлықтардың тарихын емес, психологиясын жақсы біледі, - дейді саясаттанушы.
Осы орайда, ол шығысты жақсы танитын президентіміздің Қытаймен келіссөздерде қолдануы мүмкін ерекше қасиеттері бар екенін де еске салып қойды.
Си Цзиньпиннің Тоқаевқа сүйіспеншілігі бар. Өзінің бауыры тәрізді көреді. Себебі тілі таза ғой. Кезінде Цзян Цземинь «Тоқаев мырзаның қытайшасы менен жақсы» деген екен. Сондықтан олардың Тоқаевқа сенімі бар. Сондықтан президентіміз осы мүмкіндікті пайдалануы керек. Менің ойымша, бұл оның қолынан келеді, - дейді саясаттанушы.
Алайда кез келген келіссөзде бірінші кезекте мемлекеттік мүдде алда тұруға тиіс. Сондай-ақ саясаттанушы Қытай басшысының «Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де біз Қазақстанның тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз» деген мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.
«Бұл – өте маңызды мәлімдеме және Ресейге тікелей бағытталған. Менің ойымша, оның әсері өте үлкен болады. Осыдан кейін Путин бе, басқа ма, Қазақстанға көзін тікпейді. Бұл – бізге керек нәрсе», - дейді Сейдахмет Құттықадам.