Ол Назарбаев зияткерлік мектебіне Қаныш Сәтбаевтың атын берген жөн деп есептейді
Назарбаевтың атын тек қала емес, барлық жерден алып тастау керек. Себебі ол құрған жүйе бүкіл халыққа қарсы жұмыс істеді. Танымал саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам «...Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында осылай деді.
Сондай-ақ ол бас қала атауын Нұр-Сұлтаннан қайта Астанаға ауыстыруға да қатысты пікірін ашық айтты. Себебі Назарбаевтың атындағы қаланың аурасы ауыр болып кеткен.
Қолдаймын. Себебі Нұр-Сұлтан деген атау – ауыр. Біздің қалаға да, елге де. Астана деген ат қалады. Нұрсұлтанның атынан таза арылу керек. Әуежай, мектеп аттарын да өзгерту керек. Нұрсұлтан атауын көтере алмайтын жағдайға жеттік.
Парламент мүшелері, депутаттарымыз жалпы өздерінің баяғы әдеттерін қоюы керек. Соңғы кезде Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз. Бұдан кейін олар басқаша ойлап, кез келген мәселені 100 пайыз бірауыздан қолдау дегенді қоюы қажет», - дейді саясаттанушы.
Сорнымен қатар, ол Назарбаев зияткерлік мектебінің атауын да жойып, оған Қаныш Сәтбаевтың атын берген жөн деп есептейді.
Назарбаевтың аты бүкіл біздің білімге қарсы жұмыс жасады. Академияны жауып тастап, тас-талқанын шығарды ғой. Қалай біз оған мектептердің атын береміз?
Менің ойымша, бұл жерде Назарбаев зияткерлік мектебі атауының орнына Қаныш Сәтбаевтың атын беру керек. Академияны қайта құру керек», - дейді Сейдахмет Құттықадам.