Қазір ең бастысы – елдің пікірі
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданың атауы қайтадан Астана болып өзгеруіне қатысты ойын айтты.
Ол қаланың атауы қайтадан Астана болып өзгеретін болса, елдің пікірін ескеріп, әр тарихи кезеңге үлкен құрметпен қарау керектігін атап өтті.
Кезінде қала Целиноград, Ақмола, Астана және Нұр-Сұлтан деп аталды. Қазір аты қайтадан ауысып жатыр. Әр кезеңге құрметпен қарау керек деп ойлаймын.
Біреу Целиноградта, біреу Ақмолада туып өсті. Менің балаларым Астанада туған. Қазір мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімімін. Сондықтан әр кезеңге үлкен құрметпен қарау керек, – деді ол.
Көлгіновтың айтуынша, қазір ең бастысы – елдің пікірі.
Биыл қала әкімінен Астана мен Нұр-Сұлтанның бірін таңдауды сұрағанда екіншісін таңдаған еді.
Нұр-Сұлтан. Өйткені, мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімімін, – деген болатын ол.
Әкім 2019 жылы Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге 30 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын нақтылады. Оның айтуынша, қазір құжаттаманың басым бөлігі цифрлық форматта. Сондықтан шығындар әлдеқайда аз болады.