×

Петропавлдағы ономастика мәселесі және дауға айналған «Хуевая» көшесі – сарапшымен сұқбат

Петропавлда қазір 350-ден астам көше бар, оның басым бөлігі әлі қазақшаланбаған

 Самат Жақып 15.09.2022 | 12:16
Коллаж: Халық үні

Әлеуметтік желіде Петропавл қаласында «Хуевая» деген көше бар екенін туралы ақпарат тарады. Бірі бұл атауды күлкіге айналдырса, енді бірі облыста көше атауына қатысты бақылау жоқ екенін айтты.

Қазір облыс орталығында 350-ден астам көше бар. Кейінгі 30 жылда оның тек бестен бірінің атауы өзгерген. Бұл бағыттағы жұмыс және облыстағы атауы қазақшаланбаған ауылдар туралы Halyq Uni тілшісі «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджановтан сұрады.

 Петропавлда «Хуевая» деген көше бар екені айтылды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бұл қандай көше?

– Бұл тек Google картада ғана бар. Яғни «Yandex», «2gis» картасында мұндай атау жоқ. Картаны ашып қарасақ, бұл атау жазылған жерде көше емес, шағын қиылыс бар екенін байқаймыз.

Қазір кез келген адам Google картаға ұсыныс жасау арқылы өзгеріс енгізе алады. Сондықтан бұл бір адамның әрекеті деп ойлаймын. Ол азамат міндетті түрде жауапкершілікке тартылуы керек. Оны құқық қорғау органдары анықтауға тиіс. Өзгеріс енгізген адамды табу қиын емес. IP address деген бар.

Ол адам мемлекетті қорлап, мазақ етті деп есептеймін. Сондықтан бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалып, жазаға тартылады деген сенімдемін.

2010-2011 жылдары қалалық ономастика комиссиясының хатшысы болдым. Қазір Google карта көрсетіп тұрған жерде ешқандай көше болмағанын нақты айта аламын. 

 Көкшетау қаласында көше атауы толық қазақшаланды. Біз қала атауы былай тұрсын, көшелерді жөнге келтіре алмай отырмыз. Бұған не себеп?

– Мұның ең басты себебі қалалық әкімдікте ұлтжанды, ұлтқа жаны ашитын адамның жоқтығы. Қазір қала әкімінен бастап, орынбасарын, бөлім басшысын алып қарасаңыз, олардың ешқайсысы қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізе алмайды. Бәрі мемлекеттік тілге шорқақ.

Сондай-ақ біздің «Қазақ тілі» қоғамының алқа мәжілісіне әкімдік өкілдері қатыспайды. Біз облыс әкімі орынбасарының қолы қойылған арнайы хат та жолдадық. Әр отырыс сайын баяндама жасаңыздар деп өтінеміз. Бірақ жиналысқа сол күйі ешкім келмейді.

Жуырда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған республикалық конференция өтті. Ол жерде де қалалық әкімдіктен ешкімді көрген жоқпыз. Тіл, мәдениет саласына жауапты мамандардың сыйқы осындай. Бұл өкінішті жағдай. Сол себепті қаламыздағы көшелер атауы қазақшаланбай тұр.

2005 жылдан бері облыс орталығында Абылай хан атына көше беру мәселесі көтеріліп келеді. Осы тақырыпты көтеріп, тиісті органдарға да хат жаздық. Жауап жоқ. Көше атауларын өзгертуге байланысты қоғамдық тыңдаулар жабық түрде өтеді. «Қазақ тілі» қоғамынан ол жиынға ешкім шақырылмайды. Мұндай басқосуларға бізді шақырмау – тілді қажетсінбеу, менсінбеу.

Мен бұл саладағы жұмыстарға қатысты сын айтамын. Алайда «Қазақ тілі» қоғамының облыс бойынша 800, қала бойынша 300-ден астам мүшесі бар. Мыңнан аса адамның біреуін шақырса болады ғой.

Қазір Әділетті Қазақстан орнайды деп жатырмыз. Осы тұста неге орталық көшелерге Ахмет Байтұрсынұлы, Абылай хан, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов және тағы басқа ақын-жазушылардың есімін неге бермеске? Құрманғазының Чайковскийден несі кем? Қалада Чайковскийдің атында көше бар. Жергілікті билік бұл іске салғырт қарағандықтан, жұмыс алға баспай тұр.

Биыл облыста 25 ауылға барып түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Чапаево, Советское, Буденное, Октябрьское, Краснознаменное деген елдімекендерге бардық. Кей жерде ауылдың атауын өзгерту бойынша бастамамызға қарсылық танытты, енді бір жерде риза болып, қолдады.

Осы бес ауыл бойынша аудан әкімдіктеріне арнайы хат жолдадық. Өкініштісі олардан сол күйі жауап келмеді.

Чапаевоны – Ақбас, Келлеровканы – Мезгіл деп өзгертуге, Чкалово ауылын – Қаратомра, Ильичёвка ауылын – Бесқарағай, Совесткий ауылын Тереңкөл деп өзгертуді ұсындық. Біз бәріміз ана тілімізді үйренбей, оны құрметтемей, нәтиже шығара алмайтынымызды түсіндім. Идеология үшін тіл керек.

Кезінде Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы не үшін күресті? Тіл үшін күресті. Жер үшін күресті. Мемлекеттік тілдің төңірегіне топталмасақ, бізде идеология қалыптаспайды. Идеология болмаған жерде қала атауы былай тұрсын, көше атауын да жөнге келтіре алмаймыз.

 Өңірдегі ономастика комиссиясы қандай жұмыстар атқарып жатыр? 

– Ономастика комиссиясының жұмысына көңілім толмайды. Қазір оның құрамында кім бар екенін де білмеймін. Естуімше, басын изеп, «иә» дейтін азаматтар жиналған. Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар қолдау таппаған соң, халық та бұл іске араласқысы келмейді. Себебі олардың бастамалары қолдау таппайтынын біледі. Бұл жерде ішкі саясат басқармасы, ассамблея мүшелері бірігіп жұмыс істеуі керек. Халық арасынан сайланған депутаттар сөзден іске көшуі қажет. Қоғамдық кеңестер де тартылса құба-құп. Халықтың пікірімен санаспай, нәтиже шықпайды. Қазір ұсақ жұмыстар атқарылып жатыр.

Кейінгі 2-3 жылда ауыл-аудандарда 400-ге жуық көшенің атауы өзгертілді. Мектептерге де ел білетін азаматтардың аты беріліп жатыр. Алайда облыс орталығында көшелер қазақшаланбай келеді.

Ономастикаға қатысты ережелерде де шикіліктер бар. Үкімет бекіткен құжатта кісі есімдерін елдімекендерге беруге болмайды деген талап бар екен. Бірақ бұл талап сақталмайды. Үш жыл бұрын Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертіп тастады емес пе? Біз Айыртау ауданындағы Кирилловка ауылына Жәпек батырдың атын бергіміз келді. Жергілікті халық, аудан, облыс халқы бұл бастаманы қолдады. Ал республикалық ономастика комиссиясы ұсынысты кері қайтарды. Кирилловка да адамның аты. Жоғарыда отырғандар осы жерді қорғаған батырдың атын беруді қимай отырғаны ма?

– Петропавл атауына қатысты да ұсыныстар айтылып жүр...

– Осы бағытта мен көтеріп жүрген мәселенің бірі – Солтүстік Қазақстанды Қызылжар облысы деп атау. Неге? Қазақ оңтүстікті Жетісу, шығысты Алтай өңірі деп атайды. Батысты Ақжайық десе, орталықты Сарыарқа дейді. Солтүстікті неге Қызылжар деп атамасқа?

Бұл қазір қазақ қоғамымен өзге ұлт арасындағы түйткілді мәселені шешудің бір жолы деп ойлаймын. Себебі қазақ қоғамы Петропавл атауы бойынша мәселені көп көтереді. Басқа ұлт өкілдері қаланың атына тиіспеңдер деп отыр. Ертең қазақтың санының артуымен оның арты үлкен бір дауға алып келуі мүмкін. Сондықтан біздің өңірді Қызылжар облысы деп атауда үлкен саяси мән бар.

– Қазір Петропавл қаласында 350-ден астам көше бар екен. Оның қаншасының атауы қазақшаланған?

– Кезінде  ономастика комиссиясының мүшесі болғанда статистикалық есеп жүргізіп отыратын едім. Бірақ қазір есімде қалмапты. Қолымда ондай мәлімет жоқ. Облыс орталығында көшелерге қисынсыз қойылған атау өте көп. Мысалы: Халтурин, Ярослав Гашек. Оның бірі чехтың, поляктың революционері болған.

Қазір билікті басып алу әрекетін жасаса, ол адам террорист болады. Кезінде революционерлер де патша үкіметін құлатып, кеңес одағын құрды. Халтурин патшаны жарып жіберуге әрекет жасаған. Бұл екеуі қазіргі тілмен айтқанда террорист болған. Біз нені дәріптеп отырмыз? Сондықтан осы мәселені ашық талқылауымыз керек.

– Қалалық әкімдік өкілдері биыл «Солнечный-2» шағын ауданында 16 көше атауы қазақшаланды деп мәлімдеді. Бірақ бір де бір тұлғаның есімі берілмеген. Билік ел білетін тұлғалардан неге үркеді?

«Солнечный-2» шағын ауданы қаланың шетінде орналасқан. Ол жердегі үйлер ауыл типінде салынған. Сондықтан ол көшелерге ұлы тұлғалардың есімін беру қисынсыз. Сондықтан жергілікті әкімдік жалпылама атауды бере салды. Мысалы Шаңырақ, Ынтымақ, Отбасы, Жарқын, Достық деген атаулар бар екен. Әкімшілік қызметкерлері қазақ тілін жетік білсе, сөз байыбын түсінсе, мұндай атауларды бермес еді ғой. Яғни, өздері ол атаулардың  түпкі мағанасын зерттеген де жоқ. Ең қиыны бұл атауларды халық қабылдамаса, қайтадан өзгеріске түсуі мүмкін. Сол кезде шығынға да, сынға да ұшыраймыз. Сол себепті ол көшелерге Қазақстанның көрікті жерлерінің атын беру керек еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама