«Ерлердің табысы әйелдердікінен көп» - гендерлік саясат ұстанғандар дабыл қақты
Күн сайын қазақстандық әйел үй шаруасына орташа есеппен 4 сағат 20 минут, ер адамға қарағанда 3 сағат артық уақыт жұмсайды
2021 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде әйелдерге қарағанда ерлердің 21,7 пайызында еңбекақы көбірек болған. Статистикада бұл көрсеткіш «гендерлік алшақтық ерлердің пайдасына шешілді» деп есептеліп отыр.
Мысалы, қаржы, сақтандыру қызметінде, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында ерлер әйелдерге қарағанда 35-37 пайыз көп табыс табады екен. Ал дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің (7%) және шенеуніктердің (8%) табыс мөлшеріндегі алшақтық өте аз.
Күн сайын қазақстандық әйел «екінші ауысым» деп аталатын ақы төленбейтін (үй шаруасы) жұмысына орташа есеппен 4 сағат 20 минут, ер адамға қарағанда 3 сағат артық уақыт жұмсайды. Сонда 1 апта ішіндегі айырмашылық 21 сағат болады екен.
«Гендерлік мұқтаждықтар мен қажеттіліктер картасын биыл қарашаның соңында жариялаймыз. Біздің жобамыздың ұлттық және халықаралық маңызы бар. Аналитикалық жазба статистикалық мәліметтермен, кестелермен, диаграммалармен қаныққан. Көрнекі түрде мұның бәрі оңай қабылданады. Жақын арада сіз Қазақстандағы гендерлік саясат, әйелдер мен ерлердің жағдайы бойынша түрлі индикаторлар – кірістер, жалақы деңгейі, қызметтерге қолжетімділік, еңбек нарығы бойынша жақсы ақпарат аласыз. Соңғы жылдары елімізде мұндай кешенді зерттеулер жүргізілген жоқ», - дейді «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева.
Ал Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шужееваның айтуынша, мұндай деректер гендерлік бюджеттеуді жасау кезінде ескерілуі тиіс.
Оған Түркістан облысындағы сияқты бұрмалаулар болмауы үшін көшу керек. Ол жерде бала туу көрсеткіші жоғары және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, ауруханалар жетіспейді, - дейді ол.
Одан бөлек, Сүлейман Демирел атындағы университет оқытушысы Әйгерім Құсайынқызы Қазақстан өңірлеріндегі әйелдердің басқару ісіне, кірістерге, мансапқа, цифрлық қызметтерге қолжетімділігі туралы айтты.
«Әйелдердің көпшілігі қызмет көрсетуде немесе басқа да төмен ақы төленетін салаларда жұмыс істейді. Мысалы, Азия даму банкінің есептеуі бойынша білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің 70 пайызы – әйелдер», - деп отыр ол.