Halyq Uni логотип
×

Челахтың өтініші кері қайтарылды: Жоғарғы сот себебін түсіндірді

Челахқа қатысты қылмыстық іс бойынша Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 өтінішхат жолданған

 Айгерім Таубай 14.09.2022 | 11:53
Челахтың өтініші кері қайтарылды: Жоғарғы сот себебін түсіндірді
Коллаж: Халық үні

Владислав Челах 2012 жылы 15 адамды өлтірді деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді. Сол уақыттан бері Челах және оның қорғаушысы тарапынан Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 рет өтініш түскен, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Владислав Челахқа қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 өтінішхат жолдаған. Соның ішінде сотталған Владислав Челах 4 рет, оның анасы Светлана Ващенко 3 рет, адвокат Серік Сәрсенов бір рет өтініш берген», - делінген Жоғарғы соттың Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында.

2013 ЖЫЛЫ 4 РЕТ ӨТІНІШ БЕРГЕН

Жоғарғы сот ақпаратына сәйкес, сот үкімі шыққаннан кейін алғашқы өтініш Челахтың адвокатынан түскен.

2013 жылдың 22 шілдесінде Серік Сәрсенов сот актілерімен келіспей, оларды қайта қарау туралы өтінішхат жолдаған. Қылмыстық іс сұрату арқылы қаралып, 2013 жылдың 2 қыркүйегінде Челахқа қатысты қадағалау өндірісін қозғаудан бас тартылды, - делінген ақпаратта.

Одан кейінгі өтінішті Челахтың анасы Светлана Ващенко 2013 жылдың қазанында жолдаған. Алайда сот оның қылмыстық іс бойынша сот актілеріне шағымдануға құқығы жоқ екенін айтып, өтінішін кері қайтарған.

Светлана Ващенко 2013 жылдың желтоқсанында ұлының атынан электронды үкімет порталы арқылы сот актілерін қайта қарауды сұраған. Алайда қылмыстық-процестік заң талаптарына сай сотталғандардың өтініші қылмыстық-атқару мекемесі арқылы жолдануға тиіс. Соған байланысты анасының өтініші кері қайтарылған.

Дәл осы жылы Владислав Челахтың өзі де желтоқсанда сот актілерімен келіспейтінін айтып, Жоғарғы соттан оны қайта қарауды сұраған.

«Қылмыстық іс сұрату арқылы 2014 жылдың 4 ақпанында қаралып, сот актілері өзгеріссіз қалдырылған», - делінген ақпаратта.

БҰҰ КОМИТЕТІНІҢ ШЕШІМІН ОРЫНДАУДЫ ТАЛАП ЕТТІ

Бірнеше өтінішхаты қаралмаған соң, түрмеде отырған Челах пен оның адвокаты БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінен көмек сұраған. Соның нәтижесінде БҰҰ комитеті Қазақстан Челахты әділ әрі объективті сот процесіне қол жеткізу құқығынан айырды деген қорытындыға келген. БҰҰ шешіміне сәйкес, мемлекет Челахқа құқығы бұзылғаны үшін өтемақы төлеуі керек.

Осылайша, араға бес жыл салып, 2018 жылы 13 желтоқсанда Челах сот актілерімен келіспей, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімін орындауды талап етіп, оларды қайта қарауды сұраған. Өтінішхат қылмыстық іс сұрату арқылы 2019 жылдың 22 қаңтарында қаралып, сот актілері өзгеріссіз қалдырылды.

«2019 жылдың маусымында Владислав Челахтан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімін орындау туралы өтініші түскен. Өтініштің ҚР Конституциялық кеңесіне жолданғаны көрсетілгендіктен, кері қайтарылды», - деп хабарлады Жоғарғы сот.

ТОҚАЕВТАН КӨМЕК СҰРАДЫ

2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін Челах ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, істі қайта қарауды сұрады.

10 жылға жуық уақыттан бері түрмеде отырған Владислав Челах 2022 жылдың 18 наурызында сот актілерін қайта қарауды сұраған.

Владислав Челахтың өтінішхатында сот актілерін қайта қарау көрсетілген. Сотталған азаматтың уәжі бұрын қылмыстық істі алдырту арқылы жан-жақты зерделенгендіктен, 30 наурызда кері қайтарылды, - деп хабарлады Жоғарғы сот.

25 наурызда Челахтың анасы Ващенко да Жоғарғы сотқа хат жолдаған. Ол жерде қылмыстық істі қайта қарауды сұраған.

«Қылмыстық іс қаралып, сот актілері өзгеріссіз қалдырылғандықтан, өтініш иесіне заң талаптары қайта түсіндірілді. Владислав Челахтың Жоғарғы сот төрағасы атына сот актілерін қайта қарау үшін ұсыным енгізу туралы немесе Бас прокурорға наразылық келтіру туралы өтініш жаза алатыны айтылды», - делінген ақпаратта.

Осылайша, Жоғарғы сот Светлана Ващенконың хатына 2022 жылдың 30 наурызында жауап берген.

«АРҚАНКЕРГЕНДЕГІ» ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда  «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін хабарлады.

Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.

4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған.

Ең алғаш ұсталған кезде Челах қылмысын мойындаған, бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол өзіне қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін мәлімдеді.

Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама