Қазақстанда атом өнеркәсібі мен ғылымда 24 мыңға жуық адам жұмыс істейді
Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздегі АЭС құрылысын қолдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бүгін Қазақстан атом энергетикасын дамытуда үлкен әлеуетке ие.
Бүгін еліміз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өңдеу саласында өз өндірісіміз бар. Бұған қоса Қазақстан уранды изотопты байыту қызметтеріне қол жеткізе алады. Былтыр Үлбі металлургия зауыты базасында атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Олар қазір Қытайда пайдаланылуда немесе салынып жатыр», - деді Ақшолақов ОКҚ брифингінде.
Министр Қазақстанның атом өнеркәсібінде 24 мыңға жуық адам жұмыс істеп жүргенін айтты. Бұнымен қатар еліміздің ЖОО-да 2010 жылдан бастам үш мыңға жуық маман даярланғанын атап өтті. Сонымен бірге өткен аптада Ресейде екі Президенттің қатысуымен ресейлік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында осы сала үшін кадрлар даярлау жөніндегі меморандумға қол қойылғанын еске салды.
«Электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттілігін, өндірістік қуаттардың тозуын, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы зор әлеуетін ескеріп, елде АЭС салу неғұрлым перспективалы шешім болып көрінеді», – деді Болат Ақшолақов.
Оның мәліметінше, қазір Еуропа Одағы атом энергетикасын «жасыл» технологиямен теңестіру мәселесін қарап жатыр.
Еуропа одағында бұл мәселе қаралып жатыр және олар газды да, атом энергетикасын да «жасыл» технологиямен теңестіргелі отыр. Сондықтан Қазақстан алдында АЭС салудың барлық алғышарты бар және бұл мәселемен айналысу өте маңызды, - деді министр.
Ведомство басшысы атом энергетикасын дамытудың алдағы жоспарын бөлісті. Оның пікірінше, АЭС салатын болса, ол сенімді қуат жеткізуші және Қазақстанның энергия жүйесінде маневрлерге икемді болуы тиіс.
«2035 жылға қарай елдегі электр қуатының 6 пайыз генерациясын атом энергетикасына айналдыруға ниеттіміз. Бұл бізге жуық келешекте электр энергиясымен жабықтау бойынша бүкіл қажеттілігімізді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атом энергетикасын дамыту АЭС салу ғана емес, онымен бірге инженерия да дамитынын ұмытпау керек», - деді Энергетика министрі.