Halyq Uni логотип
×

Елордаға «Алтын орда» атауы лайық – Қасыбек Иса

Қазыбек Иса елорданың атауын «Алтын Орда» немесе «Алаш Орда» деп қоюды ұсынды.

 Халық үні 10.09.2022 | 22:41
Елордаға «Алтын орда» атауы лайық – Қасыбек Иса
Фото: vechastana.kz

Қоғам белсендісі, ақын Қазыбек Иса әлеуметтік желіде елорданың атауын Нұр-Сұлтаннан қайтадан Астанаға ауыстыру ыңғайсыз шешім екенін айтып, орнына «Алтын Орда» немесе «Алаш Орда» деп қоюды ұсынды.

Қазыбек Иса елорда атауы Астана деп қойылар кезде де қарсы шыққанын айтады. Айтуынша, бай тілімізде астана атауын Астана деп қою әбестік. Алайда сол кездің өзінде ол бұл атауды кейін президент есімі берілуі үшін әдейі қойылды деп топшылаған.

Біз кезінде «Астана» атауының өзіне де қарсы шыққанбыз. «Қазақтың бай сөздік қоры қайда», «Астананың аты Астана» деген не кемтарлық?» деп жазғанбыз. Бірақ ол ат өкінішке орай қойылып кетті. Сол кезде тура болжағанымыздай, бұл болашақта Нүрсұлтан Назарбаевтың атын қою үшін жасалып отырған алдын ала шара деп дәл тауып айтқанымыздай, бір күнде «Нұр-Сұлтанға» ауысты. Енді сол біз жақтырмаған «Астана» атауының өзіне де зар болып, қайта аталуын қалап жатқандар да бар,- дейді ақын.

Қоғам белсендісі Назарбаевқа дейін де ел тарихында шешуші рөл атқарған атақты хандарымыздың  бар екенін айтып, бұндай өзгерісті тарихпен байланыстыра жалғастыруды ұсынғанын айтады.

Ақыр елорда атын елбасының атына, адам атына ауыстырдыңыздар, енді бұны ұлттық мүддеге сай жалғастырып алып кету керек. Ендеше, енді тариxи сабақтастық ретінде Петропавл қаласына кезінде өзінің ордасы тұрған, үш жүздің басын қосқан қазақтың ұлы xаны Абылай xанның атын, Павлодар қаласына қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың соңғы xаны Кенесарының атын, кезінде Алаш қаласы атанған Семейге қазақ тариxында ғана емес, Орта Азияда тұңғыш саяси партия құрған Алашорда үкіметінің төрағасы Әлиxан Бөкейxанның атын берейік,- деп ұсыныс тастадым дейді Қазыбек Иса.

Алайда Қазыбек Исаның айтуынша, жағымпаздық жарысына түскендер Тәуелсіздік көшесінің өзін Назарбаевтың атына ауыстырып жіберген. Енді елорда атауын Нұр-Сұлтаннан басқаға өзгертейік дегендерге ақын өз ұсынысын айтты.

Қазір көбінесе, астананың атауын «Алаш Орда» деп ауыстыруды қалап жатқандар да көп. «Елорда» деп ұсынғандар да бар. Әрине, мен Алашшыл, ұлтшыл ретінде де, Алаш Орданы ұлықтаушы «Ақ жол» партиясының мүшесі ретінде де «Алаш Орда» атауын қолдаймын. Бірақ, бізге қазір ең басты қауіп – геосаяси жағдай болып тұр. Сондықтан, көрші империяның көз алартуы көбейіп тұрған кезде «Алтын Орданың тойын жасап, Путинді шақыру керек» деп мақала жазғанымдай, кезінде Еуропа мен Ресейді қол астына қаратқан ұлы империяның мұрагері екенімізді еске салатын үлкен сес ретінде «Алтын орда» атауы лайық қой деп ойлаймын,- деп қорытты сөзін қоғам белсендісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама