×

Бердібек Сапарбаевтың інісі Нәлібаевқа жол беру үшін зейнетке кеткені рас па?

Саясаткер өзінің қаңтардан кейін отставкаға кетуінің себебін айтты

 Халық үні 10.09.2022 | 13:00
Бердібек Сапарбаев, фото: Halyq Uni

Бердібек Сапарбав неліктен зейнеткерлікке қаңтар оқиғасынан кейін іле шыққанын түсіндірді. «Бұл сәйкестік емес» дейді саясаткер «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында. Интервьюер Ербол Сейліхан: «Отыз жылдық қызметтен кейін неліктен Назарбаевтың айналасындағы адамдар қызметтен қуылып жатқан тұста отставка сұрадыңыз» - деп сұрақ қойды.

Қазір арнайы комиссия жұмыс істеп тексеру жүргізіп жатыр ғой. Қамауда отырған адамдар бар, қалай болғаны дәлелденді ғой. Ал енді отставкаға берген адамдар – олар енді сұрақтар болатынын ойлаған болар. Олар да ұлтының, мемлекетінің алдындағы жауапкершілігін сезінді ғой, сондықтан отставкаға берді - дейді Сапарбаев.

Ол өзінің саяси мәнсабын доғаруды басқа себептермен сабақтады.

Біз екі айдың ішінде барлық ғимараттарды қалпына келтірдік. Әкімшілік болсын, Нұр-Отан болсын. Одан кейін сәуір айының басында ауыс-түйістер болып жатқанын, жастардың келіп жатқанын көріп мемлекет басшысына: «мен сіздің тапсырмаларыңыздың барлығын орындадым. Қордай, Байзақ бойынша берілген тапсырмалар бойынша есеп беріп, «енді жастарға орын берейін, мені зейнеткерлікке жіберсеңіз» деп өтініш білдірдім - дейді саясаткер.

Бұл шешімнен ешқандай конспирологиялық себеп іздеудің қажеті жоқ дейді Сапарбаев.

«Сіз өзіңіздің ініңіз, жас әкім Нұрлыбек Нәлібаевқа жол беріп, зейнетке кетті деген пікір негізді ме» - деп сұрайды журналист.

«Әкімді мен тағайындамаймын ғой. Әкімді тағайындайтын мемлекеттің басшысы. Менің інім туралы көп айтады. Ол даладан келген жоқ қой? Ол аудан, қала деңгейінде, үкіметте жұмыс істеді. Ол мемлекет басшысының шешімі» - деп ақталды кезінде 5 облысты басқарған экс-әкім.

 

Бұл сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтемеден көріңіздер.

https://www.youtube.com/watch?v=btIOvx4FV4w

Серіктес жаңалықтары

Сараптама