«Қазақстан орманды мемлекет емес» - Қостанай облысындағы өрт туралы Экология министрлігінің жауабы
Қостанай облысында ауданы 300 мың гектарға жуықтайтын жасыл желекті алқап елдегі ең қалың орман саналады
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қостанайдағы өрттің табиғатқа келтірген шығынын есептеуге кірісті. Жауапты ведомство отқа оранған ағаштарды қайта отырғызып, орманды жасыл желекпен көмкеруге қыруар қаражат пен ұзақ уақыт кететінін жеткізді деп хабарлады КТК телеарнасы.
Қостанай облысы мемлекеттік орман қорының ауданы – 1,1 млн гектар. Оның ішінде орманмен жабылған ауданы – 270 мың гектар. Қалпына келтіруді біз мамандардан сұрадық. Ол үшін өрт болған аумақты түгел тазалап шығу керек екен. Одан кейін ағаштар егіліп, қайта қалпына келуге біраз жыл керек. Оны алдағы уақытта есептеп, айтамыз. Қазақстан орманды мемлекет емес. Жаңылмасам, еліміздің 5 пайызы орманмен қамтылған, - дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми өкілі Олжас Беркінбаев.
Айта кетсек, Қостанай облысында ауданы 300 мың гектарға жуықтайтын жасыл желекті алқап елдегі ең қалың орман саналады. Қызыл жалынның құрсауында қалған жасыл алқапта көктерек, қайың, қарағай ағаштары өскен. Сондай-ақ 158 түрлі құс мекендеген. Оның 16-сы Қазақстанның Қызыл кітабына еніпті. Ал тұяқты жануарлардан бұғы, елік, марал, бұлан кездеседі.
Өрт күш алғанда қашып үлгермей, қырылып қалған құс пен жануардың нақты саны әзірге белгісіз. Қазір орманда жалын әлі толық ауыздықталған жоқ. Мамандар аумақты күл-қоқыстан толық тазартуға тиіс. Сосын ағаштарды қайта отырғызу жұмысы жүргізіледі. Экобелсенділер тал-теректің өсуіне кемі 15 жыл керек деп отыр. Ал табиғатқа келтірілген залалды толығымен қайта қалпына келтіруге бір ғасырға жуық уақыт кететін көрінеді.
Негізі орманды қалпына келтіруге көп жыл керек. Осындай ағаштардың өсуі 10-нан 15 жылға дейін. Жалпы, экожүйеге сүйенсек, орманды қалпына келтіруге 70 жылдан 150 жылға дейін уақыт керек.
Әрине, табиғатқа өте үлкен зардабы келді. Жыл сайын орман өртінің салдарынан фаунаның бүкіл әлемде 50 пайызы өліп жатады. Кез келген орман өрті 90 пайыз адамдардың себебінен, қарапайым техникалық ережелерді сақтамаудан туындайды», - дейді экобелсенді Сәкен Ділдахмет.