×

«ORTA подкасты Ресей пропагандасын жасап отыр». Арабтанушы салафизм мен қаңтар оқиғасы туралы айтты

Қазақстанда 20 мың салафит бар

 Ая Өміртай 05.09.2022 | 10:40
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда лаңкестік бабымен сотталғандарды оңалту және қоғамға бейімдеу саласында жұмыс істейтін бірегей республикалық қоғамдық ұйым – «Ақниет» орталығы. Аталған орталықтың Алматы қалалық өкілдігінің жетекшісі, арабтанушы Замир Төлешов діни пропаганда мен имандылықтың айырмашылығы, және уағызшы-блогерлер мен салафизмнің қауіпі туралы кеңінен әңгімелеп берді.

ҚАЗАҚСТАНДА НАМАЗ ОҚИТЫН 275 МЫҢДАЙ АДАМ БАР

– Әңгімемізді Қазақстандағы ислам дінінің бүгінгі дамуы мен жағдайынан бастайық.

– Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда қазір 275 мыңға жуық намазхан бар. Бұл негізі аса көп емес, жалпы 19,6 миллион халықтың шамамен 1,4 пайызы деген сөз. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылғы қаңтар айындағы ресми ақпаратына сәйкес, елімізде 2713 мешіт пен 411 намазхана жұмыс істеп тұр. Яғни, 100 намазханға 1 үлкен мешіттен келеді. Оның үстіне, жуырда астанада ашылған Нұр-Сұлтан қаласының бас мешітіне, аумағын қоса есептегенде, 235 мыңдай адам сыяды екен. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның бүкіл жамағатын сыйдыруға болады. Сондықтан, бұл мешіттің дәл осылай ашылуы – «Ескі Қазақстанның» саясатын жалғастыру ма, әлде «Жаңа Қазақстанның» бағыты осындай ма, түсініксіз болып тұр.

Егемендік алғаннан бастап елімізде исламдандыру асығыс жүріп келеді. Билік араб елдерімен көптеген келісімшарттарға кіріп, қалалар мен ауылдарды мешіттерге толтырды. Олардың ішінде жамағат бар ма, жоқ па, қарамады. Ол кездерде Алматының орталық мешітінде ең көп дегенде 10 адам жиналатын.

1990-шы жылдары елімізде шетелдік уағызшылар қаптап жүретін еді. Сол уағызшылардың ықпалымен Қазақстан мұсылмандары арасында «Палестина-Израиль қақтығысы», «Ауған соғысы», «Шешен Республикасындағы қарулы қақтығыс» сияқты тақырыптар кеңінен талқыланды, соғысқа аттанып кеткендер де болды. «Мұсылман бауырлар», «Хизбут-Тахрир», «Әт-Такфир уәл-Хиджра», «Өзбекстан Ислам қозғалысы», «Таблиғи Жамағат» және басқа да діни-саяси экстремизмді уағыздайтын топтар, алуан түрлі жалған діни ұйымдардың уағызшылары Қазақстанға ағылып, халықтың санасын улады.

Пропаганда қатты күшейгені соншалық, 2000-шы жылдары діни уағызшылар бүкіл Қазақстан бойынша түрлі уағыздар толтырылған компьютерлер мен HDD-дискілер тарататын. Ол кездерде компьютерлер өте қымбат еді. Бұны таратудың өзі олардың қаржыландыруының қаншалықты көп болғанын көрсетеді. Демек, олардың артында үлкен қаржы көзі бар деген сөз. Сондықтан, менің жеке пайымдауым бойынша, посткеңестік елдер «рухани вакуумның» орнын толтырамыз деп, түрлі секталардың көзқарастарын талғамай сіңіріп алды.

Араб елдерінде оқып жүрген кезімде көптеген адамдарды жолықтыратынмын. Кейде сақал қойып, үстіне мата жамылғандардың сыртқы келбеті шейхқа ұқсап тұрғанымен, шын мәнісінде әріп танитын сауаты болмай шығады. Шейх болып отырған ұстаздардың көбі Құранды әдемілеп жаттап алғанымен, оның мағынасын түсіне бермейді. Бізден барған студент балалар олардың сыртқы көріністеріне әлі күнге дейін алданумен жүр.

ДЕМОКРАТИЯЛЫ ҚОҒАМДА САЛАФИЗМГЕ ТЫЙЫМ САЛА АЛМАЙМЫЗ

– Оралдағы жағдайда қылмыскерлердің дінге қатысы бары айтылды. Қаңтар оқиғасы кезінде де теріс ағым өкілдерінің аты аталды. Қазір ел арасында діншіл қауымға деген үрей бар. Қаңтардан кейінгі жағдайды қалай бағалар едіңіз?

– Діни пропаганда мен саяси пропаганда араласып кеткендіктен, жағдай өте тұрақсыз. Бірақ, қаңтар оқиғаларында діни мағынадағы бір де бір ұран көрмедім. Діни митингтерде қолданылатын терминология мен үшін анық. Себебі «Араб көктемі» басталғанда өз көзіммен митингтердің қалай ұйымдастырылғанына куә болғанмын. Ол жақта көтерілістердің бастауы мешіттер арқылы болды. Әуелі имамдар мен шейхтар құпия түрде жиналып, келесі жұмада халықты уағыздауға, белгілі бір тақырыптарды қозғауға, шеруге үгіттеуге өзара келісіп алады. Сол кездегі имамдар мен шейхтар зұлымдық, әділетсіздік, биліктің жемқорлығы сынды әңгімелерді көп айтатын еді. 1988 жылдан бері Сомали елінде жүріп жатқан соғыс та дәл осылай басталған.

Ал «діншілдер» туралы сұрағыңызға келетін болсақ, қазақ елінің салафизм, уахабизм сынды діни ағымдарға қарсылығы қазір ғана шыққан нәрсе емес. 2016 жылы да бұл мәселе көтеріліп, петиция жарияланған болатын. Сол тұстағы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков «Салафизмге тыйым сала алмаймыз, себебі салафизм ағымы ұйым ретінде тіркелмеген» деп айтқан болатын. Қысқаша айтқанда, салафизм тек идея күйінде ғана. Демократиялық қоғамда идеяға қалай тыйым саласың?!

Одан да бір қызық айтайын, Қазақстанда «Талибан» қозғалысына тыйым салынған. Ал олар ханафи мәзһабын ұстанатын ұйым. Сол сияқты «Әл-Қаида» халықаралық террорлық ұйымының да көптеген мүшелері ханафи мәзһабымен намаз оқиды. Бірақ бұл деструктивті ұйымдар өздерін ресми түрде жариялаған, сондықтан Қазақстанда тыйым салынған 23 ұйымның тізімінде тұр барлығы. Ал «мен уахабиспін» деп ешкім жарияламайтындықтан, оларға тыйым салғаннан ештеңе өзгермейді.

Қазақстанда «деструктивті діни ағым» деген терминнің өзі біраз жылдар бойы қолданыста болғанымен, заңды статусы әлі бекітілмеген. Соның статусын бекіту тиімдірек болады деп ойлаймын. Егер де мемлекет тарапынан діни-саяси насихатқа, пропагандаға толық еркіндік берілетін болса, деструктивті діни ағымдарға және зорлық-зомбылыққа қарсы ешқандай шара қолданылмайтын болса, дәстүрлі дін жоғарыда аталған секталардан лезде жеңіліп қалатынын түсінуіміз керек. Себебі секталардың қисапсыз қаржыландыруына ешбір елдің діни басқармасы төтеп бере алмайды. Яғни, адами құндылықтарға сенбейтін болса, патриоттық сезімдері болмаса, тып-тыныш ұйып тұрған елдің қадірін түсінбесе, қоғамдағы зайырлы құндылықтардың тиімділігін бағалай алмаса – бұндай кісілердің санасы әбден уланғаны анық.

«ХАЛЫҚ НЕҒҰРЛЫМ НАДАН БОЛСА, БАСҚАРУ ОҢАЙ»

– Уахабистер неліктен жасырын жұмыс істейді?

– «Уахабизм» діни-саяси қозғалысы, ұстазы Мұхаммед ибн Абд әл-Уахаб қайтыс болған соң, өз ішінен түрлі салафиттік ағымдарға бөлініп кеткен болатын. Әрине, халық тарапынан бұл ағымдарды ұстанушыларға деген наразылық басым. Халықтың көңіл-күйіне қарасаңыз, ешкім Қазақстанның халифатқа айналғанын қалап отырған жоқ. Алайда деструктивті діни ағымдардың санасындағы түсінік мынадай: «Қазақстан халқы өмір сүріп отырған қоғамдық өмір салты дұрыс емес, зайырлы мектептер мен ойын-сауық орталықтары және зайырлы демалыс түрлері болмауы керек» деп ойлайды. Олар бастапқыда ресми жиындарда мұндай пікірлерін ашық айта қоймайды, бірақ сәл қадам жасауға мүмкіндік берсең, бірден мәдениет пен өркениетке тыйым салып, харам атандырады.

Былтыр «Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билікке келген кезде, әуелде қыздарға оқуға мүмкіндік беретінін мәлімдеген болатын. Ал іс жүзінде, бір жыл бойы қыздарда мектепке баруға мүмкіндік болған емес, биыл да жоқ. Отбасында әйел білім алмаса, ондай ананың тәрбиесінен өткен бала санасы жетілмей, надан болып өседі. Бұл біреулер үшін ыңғайлы болып көрінуі мүмкін. Себебі «халық неғұрлым надан болса, басқару оңай, ал сауатты халықты айтқаныңмен жүргізу қиын, өйткені олар өз құқықтарын талап ете бастайды» деген түсінік бар.

Араб елдерінде оқу сауаты көбіне 4-5 сыныппен шектеледі. Ол жақтарда білімге қол жеткізе алмайтын әйелдер ғана емес, ерлер де көп. Сол үшін біраз адамдар тегін оқу үшін «Әл-Азхарға» барады. Шын мәнісінде, қазіргі таңда «Әл-Азхар» ешқайда оқуға түсе алмаған, үлгерімі төмен оқушыларды да қабылдай беретін болып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, медресе сияқты қызмет атқарады. Өзіміздегі «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті» де осыған ұқсас жүйеге айналуға жақын. Жасы үлкендер соңғы кезде байқап отырған үдеріс – кеше ғана намаз оқи бастаған жап-жас балалардың арасынан азғантай ғана оқып, «теолог-маман» атанып, жұртқа ақыл үйретіп жүргендер күннен күнге көбейіп жатыр.

«ТАНЫМАЛ БЛОГЕРЛЕРДІҢ РЕСЕЙ ПРОПАГАНДАСЫНА ҚАТЫСЫ БАР»

– Ал интернеттегі белсенді уағызшы-блогерлердің жауапкершілігі жоқ па? Не нәрсеге үгіттеп жатқандығын бақылайтын, қажет болса шара қолданатын тетік болуы қажет емес пе?

– Мұның барлығы негізі Дін істері комитетінің құзыретінде. Елімізде уағызшы-блогерлердің діни пропагандасын шектеу немесе реттеуге қатысты заң жоқ. Пропаганда әр кезде біреудің мүддесін тықпалайтыны баршамызға мәлім. Ал кейінгі кездегі танымал блогерлердің Ресей пропагандасына қатысы бар екені сарапшыларға анық көрініп тұр. Олар халықты ЛГБТ-мен қорқытып, «Ресейде ЛГБТ-ға қарсы заң бар, соны Қазақстанға әкелу керек» деп басқа мысал таппағандай, орыстың саясатын ашық түрде бізге тықпалап жатыр. Жуырда өздерін модерн мұсылман ретінде көрсететін ORTA подкастына келген жігіттер де осындай пропагандистік әңгімені айтуда. Мысалы, «Рамзан Кадыровқа анасы қоңырау шалғанда Владимир Путин мен Дмитрий Медведевтер түсіністік танытты» деп оларды мақтап, үлгі ретінде бізге насихаттап отыр. Олардың ауыздарына мұны кім салып отырғаны белгісіз, бірақ аңқау басымызбен ауызымызды ашып тыңдап отырмыз.

Пропаганда деген осындай, ақшасы көп, ұяты жоқ, сөзге шеберлер жеңетін сала. Ұяты бар адам уағыз айтқанның өзінде, жәннат пен тозақ туралы көзбен көріп келгендей сөйлей алмайды, ар-ожданы жібермейді ондайға.

Жұмыс барысымен Алматыдағы кейбір блогерлермен сұхбаттасқан кезімде біз осы тақырыптар туралы әңгімелескен едік. Блогерлердің діни білімдері жоқ, олар неофиттер. Қазіргі таңда кейбіреулері артистік таланттары мен танымалдылықтарын пайдаланып, SMM құралдары арқылы аудиторияны қоздыратын мәселелерді зерттеп, елге сөздерін өткізіп жүр. Менің ойымша, олардың арттарында біреулердің мүдделері тұруы заңдылық. Оларға Қазақстанда қандай уағыздарды айту керектігін ауыздарына салып беріп отыруы әбден мүмкін.

– Нұртас Адамбайдың режиссер болып жүрген жерінен кенет дін уағыздап кеткенін жоғарыдағы күштермен байланыстыруға бола ма?

– Өзінен сұрау керек. Бірақ, айтып жүргені кімнің пропагандасы деген сұраққа өзі жауап берді деп ойлаймын. Инстаграмдағы сториінде «Ресейде ЛГБТ-ға қарсы заң бар, соны Қазақстанға әкелу керек» деп өзі жазды ғой. Яғни, басқа 200-ге жуық мемлекеттерді мысалға алмай, Ресейді ғана атады. Осыған ұқсас әңгімені жоғарыда айтқан ORTA подкастының жүргізушісі Нұрсұлтан Зайкенов те қозғады: «Ресей субъектілерінде қыздар мектепке хиджабпен барады, бізде неге Ресей субъектілерінен айырмашылық бар?» деп отыр. Әрине, айырмашылық болады, себебі біз Ресейдің субъектісі емеспіз, олардың заңдары бізге жүрмейді. Мойындаса да, мойындамаса да, өздері түсінсе де, түсінбесе де, бұл жігіттердің насихаттап отырғаны таза Ресейдің пропагандасы. Өйтіп салыстыратын болсақ, мен Меккенің өзінде мектепте орамалсыз жүре беретін талай оқушы қыздарды көргенмін, балалар ғой әлі. 

Соңғы түсірілімге Қарағандыдан келген Жасұлан Айтмағанбетовті де жақсы танимын. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу туралы» заңға қарсы шыққандардың бірі. 2020 жылы кенеттен топ жиналып, петиция жазып шулатқандар есіңізде ме? Содан бері тағы қаншама адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың еш қорғаусыз құрбандарына айналды. Заң әлі қатаңдатылған жоқ. Яғни, «мен әйелімді, баламды ұрып соққым келеді, маған ешкім тыйым салмасын» деген петиция ғой. Уағызшылар әйелдерге «үндемей күйеуіңді тыңдасаң, жұмаққа барасың» деп үйретеді. Шындап келгенде, бұл әйелдердің ауыздарын тұмшалап, қыспаққа алып, құқықтарын таптаудың тәсілі.

«ТӨРТ ӘЙЕЛ АЛУҒА БОЛАДЫ ДЕУ – АРАНДАТУ»

– Базз Лайтер мультфильмінің көрсетілуіне қарсылық білдіргендердің басында осы Нұртас Адамбайлар тұрды. Осы топтың пікірін жақтаған мәдениет министрлігі мультфильмнің кинотеатрда көрсетілмейтінін мәлімдеді. Діни топтардың пікірі шешім қабылдайтын мемлекеттік органға әсер етіп тұрғаны ма?

– Иә, сырт көзге Қазақстанда халифат жариялағандай болдық. Бірақ бұл тақырып соншама резонанс тудыратындығына сенбеймін. Біріншіден, мен петиция жазылған сайттың дұрыс қол жинайтындығына күмәнмен қараймын. Өйткені, әр дауыс берген адам бірнеше рет дауыс бере алады екен. Дауыс берген кезде қандай да бір жеке басын куәландыратын құжат сұрамайды екен. Бір адам отырып әп-сәтте аталмыш 35 мың қолды жинап тастай алады. Екіншіден, митинг болады деген сыбыс шықты, билік содан да қорыққан болар.

Жалпы, біздің қоғамдағы толеранттық пен феминизм талаптарын түсінбеушілік, сексизм мен эйджизмнің кең таралуы да осындай пропаганданың әсерінен. Байқасаңыз, жас келіншектер үлкен шараларға білікті маман ретінде шақырылса да, ала көзбен қарап «мынаған сөзді кім берген?!» дейтіндер көп. Өйткені өзі жап-жас, өзі әйел адам. Сол үшін ғана дискриминацияға ұшырайтындар бар.

Менің білуімше, блогердің, спикердің, уағызшының басты таланты – аудиториясына от салып, қоздыратын дүниені таба білу. «Атың шықпаса, жер өрте» деп бекер айтпаған ғой. Спикердің айтатын нәрсесі оның жеке пікірі де болмауы мүмкін, бірақ аудиторияны қоздыратын болу керек. Мысалы, шамамен 20 жыл бұрын Қазақстанда блогерлер жоқ кезеңде, уағызшы Дарын Мүбаров Қарағандыға көшіп келді, сол бетте оған жамағат бүкіл жағдайын жасап берді. Содан бері ол ресми ешқайда жұмыс істемеді, тек уағыз айтуға машықтанды. Келе сала аудиторияны қоздыратын тақырыптарды қозғады. «Тоқал алу керек» деген төңіректегі әңгімені жиі айтатын еді. Ал алдында тыңдап отырған жамағат – қара жұмыс істейтіндер, жүкшілер, етікшілер, сантехниктер, шахтёрлар, студенттер. Айтпақшы, осыған ұқсас әдісті кей ханафи имамдар да аудиторияны өзіне қарату үшін қолданады. Бірақ, менің білуімше, тұрақты жұмысы, жағдайы жоқтарға: «Ислам бойынша сендерге төрт әйел алуға болады» деп уағыздау – арандату.

– Дегенмен соңғы кездері Дарын Мүбаров көрінбей кеткен сияқты.

– Қаңтар оқиғасы болардан бұрын ол Түркияға көшіп кеткен деп естідім қарағандылықтардан. Алдын ала білген болар, кім білсін?

ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ АШЫҚ БОЛУЫ КЕРЕК

– Жат ағымдардың дәстүрлі исламнан айырмашылығын жылдан жылға ажырата алмай бара жатқан жоқпыз ба?

– ҚМДБ әзірлеген «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы» деген құжатта еліміздегі мұсылмандардың негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және олардың зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге көзқарастары; білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортаға және ел аумағындағы түрлі ұлттардың салт-дәстүрлерін, және барлық азаматтардың ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарастары айқын көрсетілген. Егер қазақстандық мұсылман осы «Тұғырнаманы» ұстанбаса, ҚМДБ-ның шешімімен олар дәстүрлі исламға жат деп есептеледі.

Осы «Тұғырнама» сияқты стандарттарды әзірлеу – қажетті шара. Себебі кез келген деструктивті діни ағымның, сектаның ашық пропагандасына рұқсат беріп қойсақ, дәстүрлі дін тез арада жеңіліп қалады. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, секталарда орасан зор жасырын қаржыландыру бар. Дәстүрлі дінде бәрі ашық болуы тиіс. ҚМДБ кейде садақа жинаса да, оның есебін көрсетеді. Секталарда миллиардтаған қаржы есепсіз жасырын жүре береді. Оның бір мысалын 3 жыл бұрын Рамазан айында телеарнадағы сұхбатта бір шейх айтып берді.

– Аты-жөнін неге айтпайсыз?

– Ашық айтамын, Аид әл-Қарни деген Туиттерде 20,6 миллион, Фейсбукте 16 миллион, Инстаграмда 4 миллионға жуық жазылушысы бар блогер-шейх. Ол кісіні кейде салафит, кейде сурурит, кейде сахауит деп жатады. Бір сөзбен айтқанда, жалпы уахабизмнің аясындағы шейх болып танылған Сауд Арабия азаматы. Сұхбатта өзінің 40 жыл бойы радикалды діни ағымды уағыздағанын, сол үшін ақша алып отырғанын мойындады, жихадшылардың Ауғанстан мен Шешенстанға аттануына да қатысы болғанын айтты. Өзінің жеке қорындағы миллиондаған АҚШ долларларын мемлекетке тапсыратынын айтты. Қазіргі таңда өз елінің жаңа патшасының саясатын қолдап, «зайырлы мұсылмандық» бағытта жұмыс істеп жүр.

Есімде, 15 жыл бұрын осы сияқты шейхтар «қызыл киім кию харам» деп пәтуа шығарып, біраз жамағаттарды шулатқан. Сөйтсе, не Құранда, не хадисте айтылмаған, ойдан шығарылған пәтуа болып шықты. Әлі күнге дейін осындай ойдан шығарылған пәтуалармен өмірді қиындатып жүргендер көп.

– Бізде де 2 жыл бұрын Мұхамеджан Тазабек осыған ұқсас әрекет жасаған жоқ па?

– Ол «бұған дейін салафи жолындағы жігіттермен аралас-құралас болғаным рас. Матуриди ақидасына толық бет бұруыма Наурызбай хазірет себепші болды. Ал таухидті ұстанамыз дейтін салафи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта екеніне көзім жетті» деді, бұны өзінің телеарнасын сақтап қалу үшін айтқаны анық.

Қазір «Talim TV» арнасында нешетүрлі уағызшылар араласып жүр. Мұхамеджан Тазабектің салафиттерді секта деп айыптап, олардан бас тартатыны туралы мәлімдемесі – стратегиялық саяси қадам болды, оны көп адамдар бірден түсінбеді. Ақыр соңы, ханафитер мен салафиттерді бір телеарнада араластырып жіберді. Бұндай пропаганда өте қауіпті, адам санасын білдіртпей улайды.

«ПРОПАГАНДА АДАМНЫҢ СЫНИ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ӨШІРІП ТАСТАЙДЫ»

– «Санасы уланады» деген терминді бірнеше рет айттыңыз. Ол нені білдіреді? Анықтамасы бар ма?

– Сана деген адамның менталды қабілеттер кешені. Бұл қабілеттерге: ойлау, қиял, жады, ерік, сезім, түйсіну, пайымдау, аңсау, принциптер мен сенімдер және эмоциялар мен мотивациялар секілді рухани феномендер жатады.

Пропаганда адамның сыни ойлау қабілетін өшіріп тастап, тек қана бағынуға, тыңдауға мәжбүрлеуге бағытталады. Мысалы, байқасаңыз, түрлі арналардан әртүрлі мемлекеттердің пропагандасын естіген кезде, адам сыни ойлау қабілетінің көмескіленіп бара жатқанын ұғынып, оған бой бермеуге тырысып жатады, болмаса – арнаны өшіріп тастайды. Ал діни пропагандаға келгенде, Құдайға деген құрмет басым түседі. Осы себепті, діни догматика Құран мен хадиске шек келтірмеуден басталады да, оның үстіне шейхтардың, ұстаздардың интерпретацияларына күмәнданбастан сену қосылады, сөйтіп адамның сыни ойлау қабілеті тоқтайды. Санасы уланады деген осы.

Бір қызығы, жамағат адамға алдамшы әлеуметтену (социализация) сезімін сыйлайды. Жамағатқа түскен адам өзіне орта тауып, әлеуметтік мәртебесі өскендей болып сезініп қалады. Іс оңай ғой, шейхтарын қолдасаң болды, жамағат бірден бауырларына тартып, сыйлап әкетеді. Қолдамасаң бітті, дос болмай қаласың. Ал негізі, адамның шын жамағаты – жақын туыстары, көрші-көлемі, бірге өскен, бірге оқыған жора-жолдастары, бірге жұмыс істейтін әріптестері болуы керек қой.

Жоғарыда айтылған «зайырлы мұсылмандық» концепциясы бойынша, адам игі істердің барлығын өз еркімен, ешқандай жамағаттың, халифаттың, империалистік режимнің ықпалымен емес, жүректің қалауымен жасау керек. Бұл концепция «ықылас болса ғана амал қабыл болады» деген қағиданы негізге алады.

Діндар адамдардың «зайырлы адамдарды күнәһарлар» деп айыптап кемсітуіне конституцияның дискриминация туралы тармағы бойынша құқықтары жоқ. Мысалы, кезінде Әбдуғаппар Смановтың уағыздары өте радикалды болатын: «Жаңа жыл тойласаң, әйелің 3 талақ болып кетеді, кәпір боласың» деп айтқандары бар. Не Құранда, не хадисте жоқ дүние. Дін саласындағы проблемалар осындай пропаганданың кесірінен туындайды.

Пропаганда күшейгенде ақ пен қараны ажырату қиын болып кетеді. Пайғамбардың сахабаларының арасында да алауыздық болғаны тарихтан мәлім. Мысалы, тақуа, ұялшақ деп танылған Осман ибн Аффан, билікке келген кезде жанына туыстарын тартты деп айыпталып, сол үшін қаза тапқан болатын. Одан кейін сахабалар екі топқа бөлініп, бір бірімен соғысты. Сондықтан сахабалардың кезінде барлығы идеал, әділетті болды деген әңгіме – нағыз утопия. Қазіргі таңда халифат құрамыз деу – коммунизм құрамыз дегенге ұқсас утопиялық пропаганда.

– Қазақстандағы діни топтарды қаржыландыруға кімдер мүдделі және себептері неде?

– Мүдделі тараптар көп. Себептері де көп. Картадан-ақ еліміздің территориясы үлкен әрі саяси маңыздылығы зор екендігі көрініп тұр. Бізде жер мен жер асты байлығы көп болғандықтан көз салатындар жетіп асады. Еліміз өте жас, реформалау бағыты мен «Жаңа Қазақстан» концепциясы енді-енді құрылып жатыр. Әзірше «Жаңа Қазақстан» деген тек әдемі сөз. 1990-шы жылдары Кеңес үкіметі құлаған кезде де, орыстар «Жаңа Ресей», «Новый русский» деген ұғымдарды шығарған еді. «Жаңа Қазақстан» туралы көп айтылып жатыр, бірақ «Жаңа Қазақ» туралы әңгіме әлі жоқ. «Жаңа Санамыз» берік, сындарлы, ояу болуы керек. Осы тақырыпта қазір кітап жазып жатырмын.

ҚАЗАҚСТАНДА 20 МЫҢ САЛАФИТ БАР

– Ал салафизмге қай елдерде тыйым салынған?

– Посткеңестік елдерде тыйым салынған. Сонда да интернетте материалды сүзгілеу мүмкіндігі болмағандықтан, адамдар Аюб Астраханский (Ангута Ангутаев), Саид Бурятский (Александр Тихомиров), Әбу Халид (Нәдір Медетов) және жақында Түркияда қамауға алынған Абдулла Костекский сынды ресейлік жалған салафиттік уағыздаушыларды тыңдайды.

Бізде салафизмге тыйым салынбаған, оның бір себебін жоғарыда атап өттік. Жағдай бір-бірімен араласып, шиеленісіп кеткен. Радикализм, зорлық-зомбылық экстремизм және терроризм тек салафизмнен ғана шықпайды, бірақ деструктивті діни ағымдардың идеологиялары секта құруға өте ыңғайлы екені анық.

– Осы ағымдардың қолдаушыларына қатысты нақты бір статистикалық зерттеу бар ма?

– Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ертеректегі зерттеуінде «салафизм ағымының 20 мың қолдаушысы бар» деген ақпарат болған. Білуімше, кейінгі зерттеулерде де осы сан қолданылып келеді.

– Салафизмнің Қазақстанда кең таралуыны ықпал еткен тізім арасында Дарын Мүбаровтың есімін атайсыз. Салафизм десек Мұхамеджан Тазабеков, Бекболат Тілеухановтардың есімі аталады. Ол кісілердің есімінің салафизм ұғымымен бірге аталуына қандай әрекеттері себеп болды?

– 2000-шы жылдардың басында бір видео кең таралған еді. Сол жерде Бекболат Тілеухан «Дарын менің ұстазым» деп айтатыны бар. Ол видеоны қанша рет Ютубтан алып тастағанымен, Дарын Мүбаровтың мүддесін қорғайтындар қайтадан қосып қояды. Интернетке түскен затты толығымен өшіру мүмкін емес: «Айтылған сөз атылған оқпен тең». Оған дейін Дарын Мүбаров Қырғызстанда уағызшы боп жүрген жап-жас бала еді. Мәдинаға барып келгенімен, оқуға түсе алмаған, араб тілін жөнді білмейтін ол кезде. Сонда да бізге, Қарағандыға, бірден шейх кейіпінде келді.

Есімдері бұл кісілермен шектелмейді: Абдухалил Абдужаббаров, Қуаныш Башпаев, Ринат Зайнуллин, Дилмурат Махаматов, Назратулла Абдулкадиров, Октам Зауырбеков дегендер бар, тағы басқа да көсемдері жетіп асады. Әрқайсысы бөлек әңгіме.

ЖАМАҒАТТЫ ҚОҒАМНАН БӨЛІП АЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН ИМАМДАР БАР

– Мүфтият пен мешіттің функциясы қандай болуы керек?

– Біріктіру. Бұрын қоғамды мәдениет үйлері біріктіретін. Мешіт дәл осындай біріктіретін функциясынан қазіргі таңда айрылып қалды. Себебі кейбір имамдар, ұстаздар өзіне жамағат жинаумен әлек болып кетті. Бүкіл Қазақстанның қоғамы туралы ойлағаннан гөрі, жеке жамағат жинап, оларды қоғамнан бөліп алғысы келетіндер бар. Ондағы көздегені, мүмкін, жамағат арқылы мешіттің жөндеу жұмыстарына, медресе ашуға, өздерінің уағыздарын таратуға және тағы басқа мақсаттарға ақша жинау. Өзіміз деструктивті діни ағымдардың жамағат жинауына қарсы боламыз да, сөйте тұра кейбір ресми имамдарымыз осындай жұмыспен айналысып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциямыздың зайырлылық қағидаттары бұзылып жатыр.

– Теріс ағымда ұзақ уақыт жүрген адамдардың кейін қоғамға сіңісіп кетуі қаншалықты мүмкін?

– Соңғы 8 жылда жазасын түрмеде өтеп жатқан көптеген адамдармен кездестім. Қазіргі таңда Қазақстанда 500-ден астам деструктивті діни ағым өкілдері қамауда отыр. Санасына діни догмалар арқылы әсер етілгендіктен, олардың сыни ойлау қабілетін қайта оятуға тырысуымыз керек. Нәтижелер, әрине, бар, бірақ оның статистикасын бағалаушы орган – Дін істері комитетінен сұрағаныңыз жөн болар.

– Еліміздің қай өңірінде діни ахуал ушығып тұр және неліктен?

– Батыста. Қазақстанның батыс өңірлерінде діни жағдайдың күрделенуін әлгінде айтқан Абдухалил Абдужаббаровпен байланыстырады. Өзбек жігіт, «Шейх Халил» деген есіммен белгілі. Дарын Мүбаров Қарағандыға көшіп келген уақытта, бұл жігіт тез сақал өсіріп алып, оңтүстіктен батысқа көшіп кеткен. Екеуі де, тендер ұтып алғандай бір уақытта бастағандары қызық.

Жақында болған әлемдік оқиғалардан тәжірибе алуымыз керек. Ливияда Муаммар Қаддафи салафиттерге алданып, толық еркіндік беріп, пропаганда жүргізуге рұқсат етті. Тіпті өзі қаржыландырып, оларға медреселер ашып берді. Миллионға жуық салафитке Құран оқытқыздым деп мақтанатын. Ескермей қалған тұсы, салафиттердің шейхтары әрдайым шетелде. Шейхтары «Муаммар Қаддафи алжыды, кәпір, тыңдамау керек» деген пәтуа беріп еді, тез арада төңкеріп, өлтіріп тастады.

– Мемлекеттік дін саясатына қатысты қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Уағызшы-блогерлер шыға бастағанда-ақ мен өз ұсынысымды тиісті орындарға жолдағанмын. Әрине, оларға тыйым салсаң – сөз бостандығы жоқ деп шулайды. Шектеу салғаннан гөрі, бағыт-бағдарын реттеген дұрыс болар деп ойлаймын. Франция еліндегідей, айтатын бағдарламасы мен уағыздарының мазмұны міндетті түрде Дін істері комитетінің сараптамасынан алдын ала өту керек. Бізде діни ұйымдар, баспалар, имамдар, теологтар – барлығы тіркелген, солармен қатар Дін істері комитетіне блогерлер де тіркеліп, лицензия алған соң, уағыздарын айта берсін. Зорлық-зомбылықты, өзгелерді кемсітуді, ұлтаралық, конфессияаралық жанжалдарды қоздыратын уағыздары болса – міндетті түрде тоқтату керек, және әлеуметтік желілерінен алып тастау керек.

САЛАФИТТЕР ЖАҢА КӨШБАСШЫ ДАЙЫНДАП ЖАТЫР

– Жалпы елдің көз алдында болып жатқан оқиғалар ретіне келейікші. Мәселен, ұстаздары Әбдуғаппар Сманов қайтыс болды. Демеушілік көрсететін Қайрат Сатыбалды қамауда. Ал соңында қалған жамағаты қараусыз қалып қойғандай әсер қалдырады. Осы бір топтың ендігі жағдайы мен әрекеті қалай жалғаспақ?

– Қазір жаңа лидерлер дайындалып жатыр. Блогерлердің уағыз айтып дін саласында белсенді болып жүргені де сондықтан болуы керек. Билік тарапында «діндарларды неғұрлым көбейтсек, оларды бағындыру соншалықты оңай болады» деген ой-пікір бастапқыда болған болуы мүмкін, бірақ «билікке бағыну», «басшыға қарсы шықпау» деген тезистер іс жүзінде қолдануға келмейтіні анық болды. Муаммар Каддафидің тәжірибесінен көргеніміздей, мұндай арзан тәсіл енді жұмыс істемейді. Кез келген сәтте шейхтары, ұстаздары теріс пәтуа шығара салуы мүмкін.

Сондықтан білім беру ұйымдарында батыс мектептеріндегідей сыни ойлау, менталды саулық сияқты балалардың санасын дамытатын сабақтар болса, әлдеқайда пайдалы болар еді. Сонда ол қандай да бір уағыздаушымен кездескен жағдайда өз өзіне жауап бере алатын болады.

Ал адам сыни ойлай алмайтын болса, кез келген дүниеге сене беретін болады. Әлеуметтанушылар адамдардың теріс ағымға еріп кетуінің басты себебін жоқшылықпен байланыстырады. Менің білуімше, бұл жанама себеп. Теріс ағымға уағыздаушылардың басты үстемдігі – алдында отырған адамның сыни ойлау қабілетінің әлсіздігі.

– Ал «Ақниет» қашаннан бері, қандай жұмыстар атқарады?

– «Ақниет» орталығы 2014 жылдың 10 қаңтарында құрылған. Біз діни мотивациямен жүрген зорлық-зомбылық экстремистерді және лаңкестерді оңалту және қоғамға бейімдеу саласында жұмыс істейміз. Өз басым «діни радикал», «діни экстремист» деген сөздерді қолданбауға тырысамын, себебі аталған терминдер халықаралық ұйымдарда қабылданбайды. Бірақ зорлық-зомбылыққа баратындардың мотивациясы діни-саяси пропагандадан келіп жатқаны анық.

Менің методикам бойынша, ерте бастан профилактика жасау керек. Сыни ойлай алатын жас буын тәрбиелесек, олар ең алдымен оқуға, үйренуге ынталы келетін болады. Оқу, зерттеу өте маңызды. Себебі Құранда теріс тәпсірлереуге ыңғайлы тұстары бар, уағызшы ұятсыз болса – арабша білмейтіндерді өзінің пропагандасына сендіріп алуы өте оңай. Уағызшылар «Алла Тағала айтып жатыр» немесе «Пайғамбар айтты» деп жамағатты шошытып қойып, өзінің пропагандасын тықпалағанын талай көрдік.

Соңында бір қызық жайтты айтып кетейін, Сауд Арабиясы соңғы 5 жылда зайырлылыққа бет бұрып жатыр. Әйелдерге көлік айдауға рұқсат берілді. Кинотеатрлар ашылды, бұрын театр деген мүлде харам болатын. Музыкадан ең бірінші джазға рұқсат берген еді, бірақ көп ұзамай поп музыкалардың барлығы тез тарап кетті. Сауд Арабиясының солтүстігінде бұрын жабық болған қалалар ашылды. Қазір ол жақтарда туризм қатты дамып жатыр, театрлар мен қонақүйлер салынып, батыстың мегажұлдыздары жыл сайын фестивальдар өткізуде. Жаһандану ешкімді айналып өтпейтінін түсінгендіктен, қазіргі патшалары бірте-бірте зайырлылыққа бет бұрып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ

Серіктес жаңалықтары

Сараптама