×

«Мәселе мүлде шешілмейді». Утилалымға қарсы қозғалыс өкілі шетелдік көліктерді тіркеу жеңілдігіне пікір білдірді

Іздеуде жүрген көліктерге жеңілдік жоқ

 Ербол Тұрымбет 04.09.2022 | 10:41
Коллаж: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер туралы айтты. Президенттің сөзінше, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. «Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара» деді.

«Атамекен» ҰКП ШОБ комитетінің төрағасы, «Утилизация алымына жол жоқ!» қозғалысының белсенді өкілдерінің бірі Берік Зайыров бұл бастама аз ғана топтың пайдасына жарайды, бірақ, мәселені мүлде шешпейді деген ойда. Мемлекет басшысы ұсынып отырған шешімге қарасақ, тек қыркүйекке дейін әкелінген, сондай-ақ, кедендік «рәсімнен» өткен автокөліктерге қатысты. Іздеуде жүрген көліктерге мұндай жеңілдік жүрмейді.

Бірақ оның пікірінше, бұл талаптарды, оның ішінде әсіресе, кедендік ресімнен өтуді көптеген импорттық автокөлік иелері орындай алмайды. Сондықтан осындай төлем жүйесін қандай көлік иелері пайдалана алады деген мәселе төңірегінде көп сұрақ туындап тұр.

Сонымен қатар, бұл шешім бар мәселені түгелдей шешпейтінін атап өткіміз келеді. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелер жүйесін қайта қарау керек. Жалпы алғанда, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімдердің (тауарлардың) бүкіл тізбесі бойынша қайта өңдеу ақысын есептеудің жаңа ережелері мен әдістерін қайта қарау керек деген ойдамыз, – дейді сарапшы.

Берік Жанғалиұлы президент шешімін шетелден көлік әкелген өзге азаматтардың құқығын шектеу деп есептемейді. Алайда, ескеретін екі жайт бар. Біріншіден, утилизация және бастапқы тіркеу алымдарының көлемі тым үлкен, ал екіншіден, шетелден көлік әкеліп, бірақ тіркей алмай жатқан отандастарымызға үкіметтің қолдауы, көмегі әлі де жеткіліксіз деп санайды.

«Утилизация алымына жол жоқ!» қозғалысының белсенді өкілдері осыған дейін импорттық көлікті алғашқы тіркеу мен утилизация алымы тарифтерін 100 мың теңгеге дейін түсіру керектігін көтерген еді. Әлі де сол талабынан таймайтындарын айтты. Ол үшін әлгінде айтылған өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелер жүйесін қайта қарауды талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама