Halyq Uni логотип
×

«Біразы өкініп отыр»: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қаңтар қатысушыларына рақымшылық жасау туралы

Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 104 адам бас бостандығынан айырылды

 Халық үні 01.09.2022 | 16:50
«Біразы өкініп отыр»: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қаңтар қатысушыларына рақымшылық жасау туралы
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова ҚР президентінің соңғы жолдауында айтқан қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы мәлімдемесіне пікір қосты.

«Президент қаңтар оқиғасына қатысқандарға қатысты ішінара рақымшылық жасау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім құқық қорғау қоғамдастығы мен айыпталушылар, сотталғандар арасында ерекше атап өтілді. Қаңтардағы оқиғалар біз үшін үлкен трагедия, сондықтан нағыз құқық бұзушылық жасағандардың әрекеттерін ешкім де ақтамайды», - деп жазды Эльвира Әзімова.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл біраз адам мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын, олардың көбі жаппай тәртіпсіздікке көпшіліктің ықпалымен және өздерінің басындағы әлеуметтік проблемаларға байланысты қатысқаны анық екенін жеткізді.

Олардың біразы кінәсін түсініп, өкініп отыр. Рақымшылық жасау туралы шешім - бұл Президенттің өзінің конституциялық құқығын іске асыруымен қатар, адамгершілік және отандастарына сенімділігі деп білемін. Біз өз халқымызға сенуіміз керек, - деді уәкіл.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Еске салайық, қаңтар оқиғасы кезінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 104 адам бас бостандығынан айырылды. Бүгінде 971 істің өндірісі аяқталды. Оның ішінде 609 айыпталушыға қатысты іс соттарға жолданды. Сот істерді қарап, 539 айыпталушыға үкім шығарды. Олардың ішінде 425 адамның бас бостандығын шектелді, тек 104 адам ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама