Көмір тапшылығы қолдан жасалып отыр – Индустрия министрі
Министр өңірлерге көмір жөнелту бойынша жоспардың орындалуы тұрақты екенін айтты
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін Үкімет үйінде тілшілердің елдегі көмір тапшылығына қатысты сұрағына жауап берді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда барлығы 27 пайыз экспорт бар және көмірдің екі түрі экспортталады: бұл металлургиялық өңдеуге арналған жоғары агломерациялық көмір және 38 пайыздан жоғары күлге ие энергетикалық кәсіпорындар үшін. Ал халыққа қолдануға күл мөлшері төмен көмір ұсынылады. Бұл Қаражыра, Шұбаркөл, Богатырь және тағы басқа.
Құрамында күл мөлшері жоғары және орташа көмірді экспорттаймыз. Біз қазірдің өзінде облыстардың өтінімдері бойынша халыққа қажет көмірдің 94 пайызын жөнелттік. Жалпы биыл өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда жоспарды асыра орындап отырмыз. Тапшылық қолдан жасалып отыр», - деді Бейбіт Атамқұлов Үкімет үйінде.
Ведомство басшысы елде көмірмен қамту жағдайы тұрақты және оны тасуда ірі жеткізуші ұйымдармен меморандум жасалғанын айтты.